Құқық қорғау органдары

“Қазақстанның болашағы – жастардың қолында” атты дебат өтті

Нашақорлық аса қауіпті де қасіретті саналатын дерт болып табылады. Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, бүгінгі қоғамда синтетикалық заттарды қолдану белең алып тұр. Көбінесе мұндай өнімдер әлеуметтік желілерде жарнамаланады екен. “Жастар зиянды дүниелерді қолданып, теріс жолға түсіп кетпеулері үшін олардың қандай сайттарда отыратындарын қадағалау қажет”,- дейді Жандос Басыбаев.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Қазіргі күні біз жастармен әлеуметтік желілер, нақтырақ айтсақ, фейсбук, инстаграм арқылы жұмыс жасаудамыз. Яғни, олар үшін арнайы танымдық парақшалар аштық. Біз ол жерде есірткі адам ағзасына психологиялық және медициналық тұрғыда қалай әсер ететінін айтамыз. Сондай-ақ, ұл-қыздарға зиянды заттардың салдары неге әкеліп соғатынын жеткізуге тырысамыз. Тағы, жастарды есірткі қылмысына қатысты қандай әкімшілік жаза қолданылатыны туралы да құлағдар етеміз.

Жандос Басыбаев бүгінгі пікірсайысқа бекерден-бекер келмеген. Ол жастардың нашақорлықтың алдын алуға арналған бастамаларын тыңдағысы келеді. Ал жастар болса шеттерінен белсенді. Олардың көбі дебаттарға бұрыннан қатысып жүр екен. Ал №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы Жан Мұсаипов мұндай шараға алғаш рет ат салысып отыр. Жасөспірімнің өз айтары бар.

Жан Мұсаипов – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Дебатта әр адам өзінің ойын ашық білдіре алады. Және кез келген әлеуметтік мәселелерді ортаға салып, талқылауға мүмкіндік бар. Бүгінгі жиында қозғалатын тақырып күрделі дер едім. Дегенмен, қоғамдағы нашақорлықтың қаншалықты зиян екенін, ол жолдан аулақ болу керектігін айтатын боламын.

Жалпы, пікірсайысқа 8 команда қатысты. Оның 4-уі мектеп оқушылары болса, қалғаны – студенттер. Жиын соңында жеңімпаздар кубок және түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталатын болады.

Алтынай Казиканова