Дене қызуы көтеріліп, бойды әлсіздік билейді. Бүгінде бұл симптомдарды COVID-19-ға қарсы вакцина алған екінің бірі сезінуде. Мәселен, облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары Асхат Молжігітов екпе қабылдаған соң басында аздап әлсіздік болғанын айтты. Алайда, ертесіне бәрі су сепкендей басылып, күнделікті жұмысына кіріскен.
Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары:
– Вакцинаның бірінші компонентін алғашқылардың бірі болып салдырдым. Және бұған еш өкінбеймін. Бүгінде қауіпті індетке қарсы екпенің толық екі кезеңінен өттім. Кейінгісін 21 күн бұрын алдым. Өзімді жақсы сезінемін. Екпеден ағзамда ешқандай кері әсер байқалмады. Бұрынғыша жұмысымды атқарып келемін.
“Екпені баршамыз салдырмайынша, тәж вирусын тоқтата алмаймыз”, – дейді ақ халатты. Қазіргі күні облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогында 308 қызметкер еңбек етеді. Соның 70 пайызы вакциналанған.
Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары:
– Вакцина алған жан коронавирусты жұқтырып алған жағдайда оны оңай жеңеді. Яғни, барлығы ешқандай асқынусыз өтеді. Ең бастысы – өзгелерге індет жұқтырмайды. Сол себепті, тұрғындарды еш ойланбастан екпе салдыруға белсенді қатысуға шақырамын.
Жалпы, облыс бойынша 2700 адам екпенің толық кезеңінен өткен, ал 17 мыңнан астам адам, әзірге, вакцинаның бірінші компонентін салдырған.
Алтынай Казиканова