ТКШ

Хромзауыт ықшам ауданының тұрғындары қоқыс тастайтын орын таппай отыр

Бұл – Хромзауыт ықшам ауданындағы Рыжов көшесінің бойы. Ирина Жаркова осында 1,5 жылдан бері тұрып келеді. Бұған дейін аталған мекен жайдағы баспанасын тұрғындарға жалға берген. Нәзікжандының айтуынша бұрын мұндағы қоқыс уақытылы шығарылып тұратын. Ал наурыздың 31-інен кейін жағдай мүлдем өзгерді. Себебі, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері келісім шартты бұзатындарын айтып, жәшіктерді алып кеткен. Содан бері айнала тұрмыстық қалдықтарға толып, күн жылына салысымен қоламса иіс пайда болған.

Ирина Жаркова – қала тұрғыны:

– Жаз мезгілі келе жатыр. Күн ысыған соң мұнда тышқан мен тарақандар пайда бола бастайды. Сасық иістен адам сырқаттанып та қалады. Осы жерден қоректеніп жүрген қаңғыбас ит-мысықтар үй жануарларын немесе адамдарды тістеп алса қауіпті инфекция таралуы мүмкін. Арнайы жәшік болмағасын қоқысты осында тастауға мәжбүрміз, басқа амал жоқ.

Нәзікжанды осы шағымымен қалалық әкімдікке жүгіндім дейді. Айтуынша мамандар 5-ші сәуірге дейін мәселені шешуге уәде беріпті. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай баяғы жартас сол жартас.

Бүгін тұрғындардың базынасын тыңдап, мәселенің мән-жайын білуге «Қызылжар-адалдық алаңының» жобалық кеңсесінің өкілдері келді. Олар коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарынан оқиғаның анық-қанығын сұрады. Мәселенің төркіні мынада:

Жомарт Абылаев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Хромзауыт ықшам ауданындағы қоқысты шығаруға «Коммунхоз-Петропавл» ұйымы жауапты. Қазіргі күні олар келісім шарттан бас тартып отыр. Себебі, осында тұратын 2400 адамның 1040-і ғана ақша төлеген. Қалада қоқыс шығаратын 4 мекеме бар. Олар келісімге келмей отыр.

Сонымен қатар, аталған ауданның тұрғындары коммуналдық кәсіпорынға 376 мың теңге қарыз. Қарызды қайтару үшін «Коммунхоз-Петропавл» ұйымы берешек болған әр адам үшін сотқа жүгінуі тиіс. Ал бұл рәсім өте ұзақ уақытты талап етеді.

 

 

 

Бердимурат Баймухан