ТЖСу тасқыны

Шал ақын ауданындағы 3 ауылды су басуы мүмкін

Бұл – Шал ақын ауданына қарасты Октябрьский селосына кіреберістегі көрініс. Тілсіз жау жолды шайып кеткен. Ағынды судың күштілігі соншалық көлікті де ағызып әкетуі мүмкін.

Мұндай көріністі Жаңажол ауылының маңынан да байқауға болады. Ал Сергеевка қаласындағы жағдай тіпті үрей ұялатады. Аудан орталығының негізгі көшелерінде жүретін жер қалмаған. Су арықтағыдай ағып жатыр. Әзірге, су үйлерге кірмепті.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Тасқын су Белоградовкаға қарай бет алды. Қауіп Ұзынжар ауылына төніп тұр. Жалпы, қазір 18 елді мекен – мамандардың жіті бақылауында. Құтқарушылар апаттың алдын алу мақсатында ауылдардың жанында бөгет тұрғызып жатыр. Жағдай ушығып жатса адамдар қауіпсіз жерге көшіріледі. Тұрғындарды эвакуациялайтын арнайы орындарды әзірлеп қойдық.

Құтқарушылар берген мәліметке сүйенсек, шамамен 7 күннен соң Ақмола облысынан судың алғашқы толқыны келеді деп күтілуде. Оның қаншалықты күшті болатындығын мамандар дөп басып айта алмай отыр. Десе де қауіп аса қатты төніп тұрған 6 елді мекен жіті бақылауға алыныпты. Апатты болдырмау үшін әр ауданда жедел штабтар құрылған болатын. Бүгін Айыртау, Уәлиханов пен Ғ.Мүсірепов аудандарына тағы қосымша техника мен мамандар жіберілді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Құтқарушылар су айдындарында күндіз-түні кезекшілікте тұр. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өңір аумағында 300-ден астам эвакуациялық орын әзірленген. Басым бөлігі мектептерде орналасқан.

Ал екінші толқын айдың соңына қарай келеді деп күтілуде. Жағдайдың қалай өзгеретіндігін алдын ала болжау қиын. “Барлығы ауа райына байланысты”,- дейді құтқарушылар.

 

 

Маржан Қасымбек