МТРА жаңалықтары

Әйелдерге арналған “Ұмай” атты ипотекалық бағдарлама іске қосылды

1,5 млрд теңге. “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша солтүстікқазақстандықтарды несиелеуге биыл дәл осынша сома бөлінді. Қаражат 153 жанұяның құтты қоныс туралы арманын орындауға бағытталмақ.

“Бақытты отбасы” бағдарламасына келесі санаттағы азаматтар қатыса алады:

– “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері
– “Батыр Ана” атағын алған жандар
– I және II дәрежелі “Ана даңқы” орденінің иегерлері
– көпбалалы отбасылар
– толық емес отбасылар (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі тиіс)
– мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

“Бақытты отбасы” бағдарламасының шарты өте тиімді. Берілетін пәтердің құны 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Ол үшін бастапқы жарна 10 пайызды жинау керек. Ал жылдық үстемеақы бар-жоғы 2 пайызды құрайды. Ипотеканы 20 жылға дейін рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Армандағы үйін жерлестеріміз су жаңа баспана немесе қайталама нарықтан таңдай алады. Бағдарламаға қатысуға өтініш қабылдау биыл онлайн форматта жүргізілмек.

Назерке Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Бағдарламаға қатысу үшін біздің ресми сайтымызға кіріп, “Бақытты отбасы” бөліміне кіру қажет. ЖСН мен телефон нөмірі арқылы тіркелесіз. Сізге арнайы нөмір беріледі. Осы нөмір арқылы мамырдың 27-сі, нәтиже шыққанда, бағдарламаға өткен-өтпегеніңізді біле аласыз.

Өтініштерді қабылдау сәуірдің 12-сі басталып кетті. Бүгінге дейін облыс бойынша 300-ден аса азамат бағдарламаға қатысуға ниет білдіріпті. Процесс мамырдың 27-сіне дейін жалғасады. Бұл ретте жерлестеріміздің құлағына алтын сырға! Бар-жоғы 2-3 минут уақыт алатын шаруаны кейінге қалдырмаған жөн. Созып жүріп, баспанадан құр қалуыңыз әбден мүмкін.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Себебі, жеңімпаздар бірнеше критерий бойынша анықталады. Ең алдымен азаматтардың жергілікті атқарушы орган кезегіне қашан тұрғаны ескеріледі. Яғни, өз баспанасын бұрыннан аңсап жүргендердің мүмкіндіктері жоғары. Ал егер екі адам бір уақытта кезекке қойылса ше? Онда “Отбасы банктің” сайты арқылы бағдарламаға қатысуға бірінші болып өтініш берген жанның жолы болмақ.

Айта кету қажет, “Бақытты отбасы” арқылы пәтерді тек өзіңіз тұратын облыстан ала аласыз. Ал осыдан екі күн бұрын іске қосылған “Ұмай” бағдарламасы бойынша / құны 30 млн теңгеден аспайтын баспананы кез келген өңірден таңдауға болады. Бірақ, жоба тек әйелдер қауымына арналған. Оны жүзеге асыруға күллі республикаға 38 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаражаттың көмегімен 4 мыңға жуық қазақстандық нәзікжандының баспана жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

Назерке Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Бағдарламаның шарттарына тоқталатын болсақ, әйел адамның немесе әйел адам мен күйеуінің жалақысын қосқанда сома 320 мыңнан аспауы керек. Егер әйел адамның жалақысы 200 мыңға дейін болса, онда бастапқы жарна үйдің бағасынан 15 пайызды құрайды.

Ал жалақы 200 мыңнан 320 мыңға дейін болса, бастапқы жарна кемінде 20 пайызды құрауы тиіс. Алғашқы салымның көлемі жылдық үстемеақы пайызына тікелей байланысты. Егер шоттағы ақшаңыз пәтер құнының 50 пайызынан аз болса, жанағы үстемақы 12 процентті құрайды. Ал баспана бағасының жартысы жиналғанда бекітілетін пайыз 5-ке дейін төмендеуі мүмкін.

Назерке Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Бағдарлама аясында жөндеу жұмыстарына да несие алуға болады. Бір ғана шарт, үй әйел адамның атында болуы керек. Жалпы сомасы 3,7 млн теңгеге дейін.

Бағдарламаға қатысу үшін ресми сайтқа кіріп, тіркелу керек. Кейін банк операторлары хабарласып, дәл сіздің жалақыңыз бойынша алдын ала есеп жасайды. Бүгінде 4 мыңнан аса қазақстандық нәзікжанды “Ұмай” арқылы баспана алуға ниет білдіріпті.

 

 

Эльмира Сәдуақасова