МТРА жаңалықтары

Әскери-техникалық мектеп сарбаздары ант қабылдады

Қазақстан Республикасына қызмет етемін! Бүгін Петропавлдағы әскери-техникалық мектепте Отан алдындағы борыштарын өтеген сарбаздардың кезекті легі ант қабылдады. Серт еткендердің бір бөлігі жерлестеріміз болса, қалғандары – қостанайлықтар.

 

12-ші сәуір – қаз-қатар сап түзеген мына сарбаздар үшін өте маңызды күн. Себебі, олар санаулы минуттардан соң ант қабылдайды. Аса жауапты сәтке дейін тепсе темір үзетін жігіттер 40 күндік арнайы әскери даярлықтан өтті. Осы уақыт ішінде азаматтар бір-біріне бауыр басып қалған екен. Бойларын толғаныс пен мақтаныш кернеген жауынгерлер жүрек түкпірінде қимастық сезімнің де барын жасырмады.

Юрий Ризниченко – қатардағы жауынгер, СҚО:
–  Бұл жерге арнайы даярлықтан өту үшін келдім. Аз уақыттың ішінде біраз дүние үйрендім. Басында тығыз күн тәртібі мен қатал тәртіпке бейімделу қиын болды. Уақыт өте дағдыланып кеттім. Осындағы әр күнімді сағынышпен еске алатын боламын.

Бүгін 36 жауынгер ант қабылдап, қолдарына сертификат алды. Олардың 17-сі – теріскейлік, қалғандары – қостанайлықтар. Енді бұл жігіттер тұрғылықты мекен жайлары бойынша әскери билет алатын болады. Айта кету қажет, Петропавлдағы әскери мектепті биылдыққа сарбаздардың 2-легі тәмамдап отыр.

Садырбек Туйбаев – Петропавлдағы әскери-техникалық мектебінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі нұсқаушысы:

– Сарбаздардың барлығы әскери даярлықты жақсы тәмамдады. Қатардағы жауынгерлердің әрбіреуі «Атқыш» маманы ретінде әскери есепке алынады. Сондай-ақ, бүгін үлгілі тәртібімен көзге түскен жігіттердің ата-анасына алғыс хат бердік.

Әскери билетті қолдарына алған соң жігіттердің жолдары ашық. Олар қалаған жұмыстарына орналаса алады. Тіпті, кез келген күш құрылымына барып, келісім шарт негізінде қызметке қабылдана алады. Әскери мектеп келушілердің жаңа легін сәуірдің 16-сы күні қабылдамақ.

Алдияр Айтпаев