МТРА жаңалықтары

СҚО-да 2 мыңнан аса адам зейнетақы қорынан ақша шешіп алды

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауы шыға салысымен ел азаматтары біртіндеп зейнетақы шоттарындағы қаражаттарының бір бөлігін шешіп алып жатыр. Бүгіннің өзінде өңір тұрғындарынан 3 мыңнан аса өтініш түсіпті. Мамандардың айтуынша тілек білдірген 2 мың 350 жанның өтінімі бүгінде орындалған. Тұрғындар көбінесе қаржыларын баспанаға қол жеткізу үшін алатын көрінеді.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Уәкілетті операторларда ашылған олардың арнайы шоттарына шамамен 5,4 млрд теңге түсті. Төлемдердің орташа сомасы – 2,3 млн теңге. Жалпы сомасы 92 млн теңгенің 42 өтініші өңделу үстінде. 945 өтініш қайтарылды.

Қазіргі күні зейнетақы қорының облыстық филиалына 360 мыңнан аса солтүстікқазақстандық ақша аударады. Барлығының шотындағы қаржының жиынтық көлемі 320 млрд теңге шамасында болады. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана алатын тұрғындар ақшаларын баспана иесі атануға, инвестиция салуға немесе қосымша медициналық қызметке жұмсауға құқылы. Ал мұндай мүмкіндікке кімдер қол жеткізе алады?

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер, қару күшінің зейнеткерлері және сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар қордағы ақшаларын пайдалана алады.

Зейнетақы қорының жергілікті мамандары берген мәліметке сүйенсек, мемлекет ұсынған мүмкіндікті аймақта 12 мыңға жуық адам пайдалана алады. Олардың шоттарында 20 млрд теңгеден астам қаражат бар.

Бердимурат Баймухан