COVID-19: Қазақстан

СҚО-ға 30 мыңға жуық вакцина жеткізілмек

Өңірге сәуір айының соңына дейін «Спутник V» вакцинасының 30 мыңнан астам данасы жеткізілмек. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов мәлімдеді.

Айтуынша, бүгінге дейін екпенің бірінші компонентін 7 мыңға жуық солтүстікқазақстандық алған. Ал екіншісін 2 мыңнан астам адам қойдырыпты. Вакцина салдырған адам сақтанып жүрмесе, инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. Дегенмен, препарат қабылдаған жанның бойында ауруға қарсы тұрар иммунитет болады. Яғни, коронавирусты жұқтырып алған жағдайда дертті тез әрі қиындықсыз жеңеді. Нұрлан Айманов бүгінде қауіпті індеттің алдын алуға арналған екпенің елімізге жеткізілуі тұрақталып келе жатқанын жариялады. Және алдағы уақытта облысымызда егу кабинеттерінің саны артатынын мәлімдеді.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Вакцина алу үшін алдын ала учаскелік дәрігер арқылы немесе тіркеу орындарына жазылу керек. Ең бастысы, аты-жөніңізді, туған жылыңызды дұрыс көрсету қажет. Және байланыс нөмеріңізді де қалдыруға міндеттісіз. Себебі, екпе салардың алдында дәрігерлер хабарласып, жағдайыңызды, денсаулығыңызды сұрайды. Егер ешқандай шағым болмаса, вакцина салатын уақыт пен орынды айтады.

Алтынай Казиканова