Құқық қорғау органдары

Өткен жылғы жол жөндеу жұмыстарының сапасы талқыланды

Ісіне жауапсыз қарайтын мердігерлердің “қара тізімін” жасау қажет. Бүгін Антикор орталығында облыс әкімінің орынбасары Иван Турковтың қатысуымен жиын өтіп, жол жөндеу ісіндегі кем-кетік тұстар талқыға салынды. Отырыста сөз алғандардың айтуынша, былтыр өңірімізде сеніп тапсырылған шаруаны жүрдім-бардым атқару фактісі / бір емес, бірнеше рет тіркелген.

 

2020 жылы облыстағы автожолдарды жөндеу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 27 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталыпты. Аталған сомаға 1700 км жол қалыпқа келтірілген. Осылайша 150 елді мекеннің тұрғындары кедергісіз жүріп-тұруға мүмкіндік алды. Айта кетейік, 2 жылдан аса өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы «Сапалы жол» жобасын жүзеге асыруда. Бастама аясында мамандар құрылыс жүріп жатқан аумақтарға барып, жолдардың сапасын тексереді.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:


–  Жыл басынан бері «Сапалы жол» жобасы аясында 9 рет мониторингке шықтық. Біз 4 республикалық және 5 облыстық маңыздағы жолдарды тексеріп, 34 бұзушылықты анықтадық. Дені қоқыс пен қардың дұрыс тазаланбауына қатысты. Мониторингтік топ аталған жоба аясында апта сайын жұмыс жүргізіп тұрады. Қазіргі күні аталған бұзушылықтардың барлығы жойылды.

Былтар мамандар жол жөндеу кезінде мердігерлер тарапынан кеткен бірнеше олқылықты байқап, кінәлілерді жауапқа тартқан. Мәселен, аты шулы «Казфортис» серіктестігін айтатын болсақ. Жазда жүргізілген тексеріс барысында құрылысшылар жолдың ені мен қалыңдығын белгіленген стандарттан кем етіп істеді. Тіпті, кей жерлерде асфальттің беті тесіліп, жол жабындысы жалаң қолмен жұлып алатындай жағдайға жеткен-ді. Мұндай жайттар аз емес. Бұл мердігердің және техникалық қадағалау сарапшыларының жауапсыздығы дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:


–  Кейде жаңа асфальттің үстімен ауыр жүк тиеген көліктер зулап жүреді. Бұл мәселені дұрыстап қолға алып, алдын алу шараларын күшейткен жөн. Мәселен, біздің департаментте осы сұраққа қатысты іс қаралған болатын. Жергілікті кәсіпкердердің бірі көлік бақылау бөлімінің басшысына 500 мың теңге көлемінде пара берген. Осылайша салмағы шектік көлемнен асатын көліктердің кедергісіз жүре беруіне рұқсат алған.

Өткен жылдан сабақ алып, жаңа жоспарларды жүзеге асыру қажет. Жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Иван Турков жауапсыз мердігерлердің «қара тізімін» жасау қажеттігін алға тартты.

Иван Турков – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары облысты түгел аралап үлгермейді. Өйткені, өңірде облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан жолдар бар. Сол себепті, бар үміт техникалық қадағалау сарапшыларына жүктеледі. Кей кездері сол мамандардың атқарған жұмысынан ешқандай нәтиже көрмейміз. Осы орайда біз өткен жылды саралап, ісіне жауапсыз қарайтын жандардың “қара тізімін” жасауымыз қажет деп ойлаймын. Олармен енді келісімшарт жасасу қажет емес.

Сондай-ақ, мамандар өңір халқын да белсенділік танытуға шақырды. Айта кетейік, облыстың кез келген тұрғыны жол жөндеу жұмыстары кезінде қандай да бір бұзушылық анықтап жатса, оны фото немесе видеоға түсіріп, ашық бюджеттердің интерактивті картасына жүктей алады. Одан бөлек экранда көрсетілген телеграм бот пен “Қызылжар-адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің ватсап нөміріне жолдай алады.

Бердімұрат Баймұқан