Су тасқыны

Екі ауданға құтқарушылар мен арнайы техника жөнелтілді

Қызыл судың қаупі күн сайын артуда. Бүгінде Ғ.Мүсірепов пен Айыртау аудандарындағы 4 елді мекенді тасқын басу қатері бар. Тілсіз жаудың алдын алу үшін бүгін Петропавлдан бірнеше жасақ жөнелтілді. Мамандар өзен-көлдерде мұз жару және жағаға жақын орналасқан бұтақтарды кесумен айналыспақ. Ал төтенше жағдай орын ала қалса, халықты эвакуациялауға кіріседі.

Қаз-қатар тізілген құтқарушылар мен техника бірер минуттан соң алыс жолға шықпақ. 8 арнайы машина, 6 мотопомпа, 4 қайық пен 40 маман Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарына жіберіледі. Рузаевка, Чистополье, Гусаковка мен Константиновка селолары дәл қазір тасқын басу қаупі ең жоғары елді мекендер ретінде танылды. Қызыл су ауылдарға бүгін-ертең келуі мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары аудандық жасақтармен бірге тілсіз жаудың алдын алуға кіріседі.

Еділ Зікрин – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Басты мақсат – адамдарды құтқару, эвакуация жасау, жан-жануарларды құтқару. Сондай-ақ, мұз кесіп, өзен-көлдердің жағасындағы ағаштарды кесу.

Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарында Жембарақ, Ақан-Бұрлық, Бабық-Бұрлық, Шарық кіші өзендері орналасқан. Бүгінде құтқарушылар су қоймаларындағы мұз жару жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Іске қарқын қосу үшін Петропавлдан 4 қайық жөнелтіледі. Көлікпен саперлер үлкен мұз бөліктеріне жақындап, жарылғыш заттарды орнатады. Бұл шаруаға өткен жылы трекол да жұмылдырылыпты.

Қайрат Самаев – СҚО ТЖД сүңгуірлік-құтқару бөлімінің құтқарушы-жетекшісі:

– Треколдың асты өте биік. Су, батпақ мен қарды кешіп жүре береді. Өткен жылы мұз жару жұмыстарына ВАЗ көліктерімен өте алмағанда осы техниканы тізгіндеген едік. Сыйымдылығы – 10 адамға дейін.Тағы аудандарға тұрғындарды эвакуациялауға арналған өтімділігі жоғары камаздарды апарамыз.

Жасақтар елді мекендерде тасқын қаупі сейілгенше дейін еңбектенбек. Қызыл су келіп, жағдай ушығатын болса Петропавлдан тағы қосымша күш жөнелтіледі. Тілсіз жаудың алдын алып, кейін күресуге жұмылдырылатын мамандар мен техника әрбір ауданға қарастырылған. Жақын арада құтқарушылар Тимирязев ауданына шығуы мүмкін.

Эльмира Садвокасова