Балалар

Жас оқырмандар балалар жазушысымен кездесті

Жарқын жүздесу, сырлы сұхбат! Жергілікті жас оқырмандар Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар жазушысы Клавдия Чепуркомен кездесті. Іс-шара барысында қаламгер туындыларын таныстырды, жүрекжарды өлеңдерін оқып берді.

 

Смартфон, компьютер, теледидар. Цифрлық технология дамыған заманда жастарды кітап оқуға баулу қиындап барады. Бұл өзекті мәселені шешу қажет. Оның бірден-бір әдісі – ұл-қыздарды туындыларға, жазушылардың өмірі мен шығармашылығына қызықтыру. Сол себепті, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары бүгін Клавдия Чепуркомен кездесу ұйымдастырып отыр. Нәзікжанды – ондаған өлеңнің авторы. Еңбектерінің дені балаларға арналған.

Клавдия Чепурко шыр етіп дүниеге келген баланың кейпіне еніп, сәбидің сезімін қағаз бетіне түсіріпті. Айтуынша, осы сынды туындыларды жазуға немересі себеп болған.

Клавдия Чепурко – балалар жазушысы:


– Қалам тербеуді мектеп табалдырығынан бастадым. Ал балалар әдебиетіне тұңғыш немерем – Алеша дүниеге келген кезден бет бұрдым. Әлемге балалардың көзімен қарап, суреттей бастадым. Немерем өскен сайын туындыларымның да саны арта бастады. Қазіргі кезде балаларға арналған екі кітабым бар. Бүгінгі кездесу арқылы өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылықтарын арттырғым келеді. Ойым жүзеге асса, қуанышқа кенелер едім.

Кездесу соңында жазушы алғашқы еңбегін кітапханаға тарту етті. Бұл туынды қара шаңырақта сақталмақ. Оны кез келген жан алып, оқи алады. Бір қызығы, жиынға қатысушы балалардың бірі жерлесіміздің кітабымен танысып үлгеріпті.

– Мен кітап оқығанды жақсы көремін. 27 “Алешинка” деген кітапты маған 7 жасымда анам оқып берді.


– Жазушымен кездесу қатты ұнады. Кітапханаға сыйға тартқан кітабын оқығым келеді. Себебі, автор бізге туындысын жақсы таныстырды, қызығушылығым оянып кетті.

Бүгінгі шара “Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы” аясында ұйымдастырылып отыр. Бұндай жиындар қаламыздағы мәдениет ошақтарында сәуірдің 2-ші жұлдызынан бастап өткізілуде.
 

 Алдияр Айтпаев