Спорт

Жерлесіміз Алексей Луценко халықаралық додада жеңіс тұғырынан көрінді

Тас жолдағы тартыс 5 сағат 10 минут 47 секундқа созылды. Осы уақыт ішінде қос дөңгелекті көліктерін тізгіндеген қатысушылар 203 шақырымды бағындырды. Бірінші болып мәре сызығын атақты испандық велошабандоз Алехандро Вальверде кесті. Одан кейін белгіленген межеге Алексей Луценко жетті. Теріскейлік жеңімпаздан бар-жоғы 6 секундқа қалып қойды. Айта кетейік, жергілікті спортшы дүбірлі додада жүлде еншілеген алғашқы қазақстандық болып тіркелді. Ал Алексей Луценко өнер көрсететін “Astana-Premier Tech” командасы сайыстың үздік ұжымы атанды.

Алексей Луценко – велоспорттан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

– Жарыс жолының алғашқы жартысында сәл қиын болды. Кейінірек мен өзімді жақсы сезіне бастадым. Негізі, бұл додада жеңіске жету үшін жақсы мүмкіндік болды және біз барымызды салдық. Дегенмен, бұл жолы Вальверде мықты атанды. Соған қарамастан өзімнің көрсеткен нәтижеме көңілім толады және енді келесі аптада өтетін «Баск елдерінің турына» дайындалып жатырмын. Негізгі мақсат -бұрынғыдай “Арденн апталығына” дайындалу.

 

Эльмира Садвокасова