Ауа райы

Сәуір айына арналған ауа райы болжамы

Маржан Қасымбек – тілші:

– Көктемнің екінші айы да келіп жетті. Сәуірдің алғашқы жұлдызында түнде қар жауып, қыс әлі орнын босатпағандығының белгісін беріп еді. Ал солтүстікқазақстандықтар сәуір ақ ұлпамен басталса, соңы жердің көктеуімен аяқталады деген болжамға сенуде. Расымен де солай ма екен? Ауа райын болжау орталығының мамандарынан сұрап білдік.

Сәуірдің 6-ы желдің күні ұйытқуы секундына 20 метрді құрайды деп күтілуде. Бірақ, алаңдауға асықпаңыз, «Қазгидромет» мамандары қар мен жаңбыр жаумайды деп айтты.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы түнде -0-5, кей жерлерде -8 градусқа дейін аяз болады. Ал күндіз сынап бағанасы 2-7 жылуды көрсетеді. Екінші онкүндікте түнде 1-6 градус жылы болады. Күндіз 13-18-ді құрамақ.

Сәуірдің екінші онкүндігінде жеңіл киінуге асықпай, өзіңізбен бірге қолшатыр алып жүруді ұсынар едік. Себебі, бұл уақытта күтпеген жерден қар аралас жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Ол келесі күні көктайғаққа ұласады деп ескертті мамандар. Ал айдың соңына қарай нағыз көктемнің жылы лебі сезіле бастайды.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 4-9 градус жылы болады. Ал күндіз сынап бағанасы 18-23-ті көрсетеді деп болжануда.

Айдың соңында тұман түсіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрді құрайтын жел соғады.

Маржан Касымбек