Су тасқыны

СҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылы. Қазір аталған елді мекеннің маңында ауыр техникаларды тізгіндеген адамдар жұмыс істеп жатыр. Мұнда олар мынадай үйінді жасауда. Дәл осындай шаруа 2017 жылы орын алған су тасқынынан кейін әр көктем сайын атқарылады. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің сөзінше, табиғи бөгеттің ұзындығы 1,5 шақырымды құрауы тиіс. Сонда ауылды толығымен тасқыннан қорғауға болады.

Ахметхан Тобылбаев – Қызылжар ауданы әкімдігінің жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы:

–  Биыл су тасқынының алдын алуға арналған шараларды ақпан айынан бастадық. Аталған жұмысқа аудандық бюджеттен 66 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір біз жергілікті Төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының нұсқауымен ауылдың маңындағы үйіндіні ұзартып жатырмыз. Шаруа аяқталуға жақын, 105 метр ғана қалды. Оған 5 мың текше метр инертті материал қажет.

Биыл өңірде қар көп жауғандықтан топан су келу қаупі жоқ емес, бар. Сол себепті, тілсіз жауға тосқауыл болатын үйіндінің биіктігін мамандар 3 метрге дейін жеткізіпті. Ал оның ені 6 метрді құрайды. Бұл жеткілікті дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері.

Аслан Ахметжанов – Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

– Тепличное ауылында 262 тұрғын үй бар. Бұл – қазір аудандағы су басу қаупі ең жоғары елді мекен. Былтыр ауданда ешқандай баспанаға су кірген жоқ. Биыл үйіндіні нығайттық. Атқарылған жұмыстың арқасында қауіп-қатердің алдын аламыз деп үміттеніп отырмыз.

Егер тілсіз жау жоспардағы көлемнен тым көп келіп жатса, тұрғындар үшін мынадай эвакуациялық пункттер дайын тұр. Қазіргі күні ауданда олардың саны – 13. Барлығы жергілікті мектептерде орналасқан. Жалпы сыйымдылығы 5 мың төсек орынды құрайды. Мұнда медициналық көмек көрсету бөлмелері мен асхана жұмыс жасайтын болады. Жалпы, құтқарушы мамандар дәл қазір облыстағы су тасқыны жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері аймақтағы 4 ауданда мұз жару жұмыстарын жүргізген. Одан бөлек, қар мен суағарларды тазалау жұмыстары қарқын алған.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан