МТРА жаңалықтары

Петропавлдың бас жоспары талқыланды

Қоғамдық кеңес мүшелері осымен 2-ші отырысты Петропавлдың бас жоспарына арнап отыр. Жобаның 21 сызбасы бар. Бірақ, оның тек 2-еуі жайлы ғана ақпарат айтылған. Қалғандарында нақты не қарастырылғандығы белгісіз күйінде тұр. Жиналғандарды толғандырып отырған жайт та осы. Мәселен, Космонавт көшесі бойында орналасқан қарттар үйіне жақында қалалық әкімдіктен хат келіпті. Онда нысанның алдағы уақытта сүрілетіндігі жазылған. Ғимарат басшылығы 45 қарияны қайда орналастыру керектігін сұрап мамандарға жүгінген. Алайда, әлі күнге дейін тұшымды жауап ала алмай отыр.

Анатолий Жицкий – адвокат:

– Хатта қарттар үйінің орнына сауда орталығы салынады деп жазылған. Нысанды сүру жұмыстары қашан басталатындығы белгісіз. Ал онда өмір сүретін қарттарға қандай көмек көрсетілетіндігі және қайда тұратындығы жайлы да ешкім жауап қатпай жатыр.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев «бұл мәселеге біздің қатысымыз жоқ» деп қысқа жауап қатты. Десе де мәселенің шешімін табу үшін өз көмегін көрсететіндігін айтып, уәдесін берді. Келесі тұрғын мамандардан көлікжай мәселесін жан-жақты қарастыруды ұсынды. Себебі, кей қалалықтар үйінің алдында темір тұлпарын қоятын жер қалмағандықтан балалар алаңқайын аялдай салады. Мұның балғындармен қоса үлкендердің өмірі үшін де қауіпті екендігі белгілі. Жүргізуші байқамай қалса, апат орын алуы мүмкін.

Серік Мұхамедиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Бұл жайтты назардан тыс қалдырған жоқпыз. Жобаға сәйкес ең алдымен ескі гараждар сүріледі. Оның орнына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, екіқабатты көлікжай құрылуы мүмкін. Темір тұлпар балалар ойын алаңқайынан аулақ жерде орналасқандығы жөн деп ойлаймыз.

Тұрғындардың бірі гараждардың сүрілуін бірден құптаса, екіншісі наразылықтарын білдіруде. Серік Мұхамедиев мұнымен келіспей жатқандардың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес, жаңа саябақтар, балалардың ойын және спорт алаңдары құрылады. Қалада қауіпті саналатын кей көше қиылыстары қайта жөнделеді. Петропавлдың шеткі бөлігіндегі көшелерді жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Сәуле Ералина – «Петропавл бас жоспары» жобасының бас сәулетшісі:

– Жаяу жүргіншілер жолағына қатысты мәселер де шешімін таппақ. Қаланың шетіндегі жолдар жөндеу көретін болады. Оның сызбасы алдын ала әзірленіп қойылды. Облыс орталығында жаңа шағын аудандар пайда болады деп жоспарлап отырмыз.

Жобаға сәйкес 2035 жылға дейін құрылыс жұмыстарына ерекше қарқын беріледі. Себебі, алдағы 14 жылда солтүстікқазақстандықтардың санын 250 мыңнан асыру жоспарланып отыр. Сол үшін жыл сайын 300-400 мың шаршы метр баспананы қолданысқа беру керектігі айтылды. Айта кеткен жөн, Петропавлдың бас жоспары әлі толық құрылған жоқ. Дайын болған кезде облыстық мәслихатта тағы бір рет қарастырылатын болады.

 

 

 

Маржан Касымбек