Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қалалық мәслихаттың 2-ші сессиясы өтті

Бүгін қалалық мәслихаттың 2-ші сессиясы өтті. Жиын барысында депутаттар Петропавлдың 2021-2023-ші жылдарға арналған бюджетін нақтылады, жерді пайдалану мәселесін талқыға салып, облыс орталығын одан әрі дамыту жолдарын қарастырды.

Күні кеше өткен Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған еді. Стратегиялық маңызды құжат бірнеше секторды қамтиды. Олар: аграрлық өнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау, туризм мен спорт және өндіріс салалары. Әрине, кешенді жоспарда Петропавлда қолға алынуы тиіс бастамалар жайлы да айтылды. Алдағы уақытта шаһарда көптеген жаңа нысандар бойы көтеріп, ауқымды шаруа атқарылмақ. Сессия барысында қала әкімі осыны тілге тиек етіп, Қызылжарға жұмыс күшін көптеп тарту қажеттігін жеткізді. “Үкімет отырысында айтылғандай, бізде емхана, жатақханалар, спорт сарайы, университет тұрғызылады. Баспана салуды да мықтап қолға аламыз. Сол үшін қарапайым жұмысшылар мен білікті мамандар қажет. Қазірдің өзінде 1,5-2 мыңдай жұмыс күні керек”, – деді Болат Жұмабеков. 

Бердимурат Баймухан