Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Шетелдіктер былай тұрсын, жерді ел азаматтарына да сатуға болмайды. Комиссияның алғашқы отырысында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов пен сенатор Ақылбек Күрішбаев дәл осындай ұсыныс жасады. Бастама бірауыздан қолдау тапты деп айтуға келмес. Жиынға қатысушылардың арасынан алқаптарды аграрийлердің жеке меншігіне өткізуге болады деген де ой тасталды. Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаевтың сөзінше, ауыл шаруашылығында еңбектенетін жандарға көрсетілетін қолдауды арттыру керек. Бірақ, өзге механизм арқылы.

Жигули Дайрабаев – «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президенті:

– Бүгінгі таңда елімізде 49 жылға жерді жалға алу құқығы бар. Егер жер пайдаланушы адал еңбек етіп, оны тиімді пайдаланса, онда жерді жалға алу мерзімін ұзарту құқығын қарастыру қажет. Ол үшін Жер кодексіне өзгерістер енгізу керек.

Соңғы екі ұсыныс жер реформасы жөніндегі комиссияға қатысқан солтүстікқазақстандықтардың көңілінен шыққанға ұқсайды. Жергілікті тәжірибелі аграрий Еркебұлан Мамбетов ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдай еңбектеніп келеді. Бүгінде кәсіпкер 30 мың гектар жерге алтын астық егіп, сүтті мал шаруашылығын да мықтап қолға алды. Шаруаны кеңейтуге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау септесуде. Аталған көмек артса, аграрлы сектор да алға басады дейді ол.

Еркебұлан Мамбетов – “Мамбеток и К” КС бас директоры:

– Жерді жеке меншікке өткізу мен ұзақ мерзімге жалға тек тәжірибелі, ауылда тұрып, ауылда нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан аграрийлерге беру керек деп ойлаймын. Ол мүмкіндік ашады. Біріншіден, болашақта тұрақтылық болады. Екіншіден, жеріміз жеке меншікте болса, онда кепілге қоюға болады. Қазір кепілге қойғанда жердің бағасы арзанға бағаланады.

Комиссия мүшелерімен айтылған ұсыныстар әлі ұсыныс деңгейінде қалмақ. Әрбір бастама турасындағы шешім жеті рет өлшеп, бір рет кес деген қағидаға негізделіп қарастырылады, қабылданады. Әзірге, заңнамаға тек жерді шетелдіктерге беруге тыйым салу жайында өзгеріс енгізілмек.

Жалғас Сүлейменов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми орталықтарға, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жұбайларына беруге толық тыйым салынады. Ал сол шаруа және фермерлік қожалықты Қазақстан азаматтары жүргізетін болса, учаскелер 10-нан 49 жылға дейін жалға берілмек.

Барлығы жиын барысында 60 ұсыныс пен тілек қарастырылды. Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы тамыз айына дейін әр сенбі сайын ұйымдастырылмақ.

 

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова