Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

СҚО-да 1 жарым мың адам вакцина қабылдау курсын толық өтті

Қазір Солтүстік Қазақстан облысы – “жасыл аймақта”. Өңірде коронавирусқа қатысты жағдай ақпан айынан бері тұрақталып келеді. Соңғы 1 аптаның өзінде індетке шалдығушылар саны 41%-ға азайған екен. Статистикаға сүйенер болсақ, кеше COVID-19-ды 21 адам жұқтырған. 10 тұрғында ауру белгілері анық байқалады. Ал қалғандары көзге көрінбес жаудың симптомсыз түріне шалдыққан. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев жағдайдың тұрақталуына карантиндік шектеулер мен вакциналау себепші болды дейді.

Әсет Жұматаев – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Екпе жұқпалы ауруға қарсы күрестің тиімді және эффективті түрі болып табылады. Жерлестерімізге айтатыным, емханалар екпе алуға шақырса, бас тартпаңыздар! Өздеріңіз білетіндей, мен вакцинаның толық курсынан өттім. Ешқандай кері, ауыр реакциялар байқалмады. Алдын ала ескертілген реакциялар ғана болды.

Ақпанның алғашқы жұлдызынан бері “Спутник V”-дің 1-ші компонентін 3 мыңға жуық солтүстікқазақстандық салдыртқан. Ал 1 жарым мың жерлесіміз вакцина қабылдау курсын толық өтіпті. Екпе ектірткендердің басым бөлігі – медициналық қызметкерлер, полицейлер, құтқарушылар мен мұғалімдер.

Әсет Жұматаев – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Бетперде, шектеулерді алудағы ең тиімді әрі қауіпсіз шара – екпе жасату. Бүгінгі таңда облысымызға екпенің 1-ші компонентінің 4800 дозасы және 2-ші компонентінің 4000 дозасы бар.

Айта кету қажет, өңірде екпе салдыртқандардың арасында вирус жұқтыру дерегі тіркелмепті. Сәуір айында отандық “QazCovid-in” вакцинасы да қолданысқа енеді деп жоспарланып отыр. Қазір қазақстандық өнім клиникалық зерттеудің 3-ші фазасынан өткізіліп жатыр.

 

 

Маржан Касымбек