Мәдениет

Премьераға дайындық

Махаббат пен трагедияға толы хикая. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері / жаңа премьераға дайындық үстінде. Спектакль  Николай ЛескОвтың шығармасы негізінде сахналанбақ. Оған өнер ұжымы тұтас қатысқалы отыр.

Спектакль орыс жазушысы Николай Лесковтың Леди Макбет Мценского уезда шығармасы негізінде қойылмақ. Мұнда кедей отбасыдан шыққан Катерина есімді кейіпкердің образы бейнеленеді. Яғни, оның өзінен үлкен, дәулетті көпеске тұрмысқа шығып, бақытсыз ғұмыр кешкені көрсетіледі. Қойылым желісін қысқаша баян етейік. Бай көпестің үйінде Сергей есімді жұмысшы болады. Ол тұрмыстағы Катеринаға ғашық болып, екеуінің араларында сезім оты тұтанады. Мұны қайын атасы, яғни Борис Тимофеевич біліп қалып, мән-жайды ұлына айтып, қарапайым жұмысшыны қатаң түрде жазалайтынын ескертеді. Ал Катерина құпияны жолдасы білгенін қаламайды. Сол себепті, күйеуінің әкесін у беріп өлтіреді. Қойылымда құрбан болған қайын атаның рөлін Анатолий Наргеленас сомдайды. Талантты актер қатал жанды бейнелеу оңайға соққан жоқ дейді.

Анатолий Наргеленас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Түрлі рөлдер болады. Кейбірі жайлы костюм сияқты. Оны киіп, өзіңді еркін ұстап, сол образда жайбарақат ойнайсың. Сондай-ақ, тар және ыңғайсыздық тудыратын киім секілді рөлдер де кездесіп жатады. Бірақ, соған қарамастан, образға толықтай еніп, көрерменнің көңілін қуантуға барынша тырысамыз.

Қойылымда театрдың актерлері түгелдей дерлік бой көрсетеді. Махаббат пен трагедияға толы спектакльдің қоюшы-режиссері – Тимур Каримжанов.

Тимур Каримжанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

– Спектакльде Катеринаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіледі. Оған жасаған қылмыстары үшін қандай үкім шығарылатыны айтылады. Және көпестің қол астындағы жұмысшылардың әрқайсысынан жауап алынатын болады. Жалпы, бұл қойылымға дайындалмас бұрын көп оқып, іздендік. Сол себепті, көрермен көңілінен шығады деген ниеттеміз.

Аталған спектакльдің премьерасы тұрғындар назарына ертең сағат 19:00-де ұсынылады.

Алтынай Қазиқан