Қоғам

Петропавлда студенттерге арналып бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Әдлет Борашов – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің түлегі. 3 жыл 6 ай бойы жас жігіт техник-құрылысшы мамандығын меңгерген. Ал 2 апта бұрын Әдлет қолына дипломын алды. Енді мамандығы бойынша кәсіп іздестіруде. Жас маман мұнда кәсіпорын өкілдерімен тілдесіп, жұмыс жөнінде сұрастырды. Ақыры өзіне лайықты қызмет тапты. Енді тиісті құжаттарды жинау ғана қалды.

Әдлет Борашов – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің түлегі:

– Бүгін іс-шараға қаламыздың ірі құрылыс компанияларының басшылары мен білікті мамандары жиналды. Осы жиыннның арқасында жас маман ретінде өзіме белгілі бір кәсіпорыннан жұмыс таптым.

Әдлет Борашовпен бірге биыл техник-құрылысшы мамандығы бойынша тағы 37 студент диплом алған. Оның 80 пайызы бүгін жұмыс тапты. Жалпы, үстіміздегі жылдың маусым айында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінен 140 студент түлеп ұшпақ. Сол себепті, осы бастан жастардың бағыт-бағдарын айқындау үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылған.

Қуат Тәжібаев – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:

– Бүгін білім басқармасының бастауымен жәрмеңке өткіздік. Жәрмеңкеге 20 жуық кәсіпорын басшылары келді. Кадр бөлімдерінің қызметкерлері де болды. Олар студенттерге кеңес берді. Сондай-ақ, алдын ала 70-тен астам студентті жұмысқа алды.

Жиын барысында жергілікті кәсіпорын өкілдері жастарға 80-нен астам бос жұмыс орнын ұсынды. Соның ішінде құрылыс саласына әдеттегідей дәнекерлеуші, сылақшы, тас қалаушы мен темір ұсталары қажет.

 

 

 

 

 

Дана Ешкенова