С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында “Толық адам” спектаклі сахналанды

Мәдениет

21:02 11 Наурыз 2021

Қойылым бастала сала, көрермендердің назары бірден актерлердің ерекше образдарына түскені сөзсіз. Өйткені, барлығы әр түрлі. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Осыған қарап, алғашында спектакль комедия жанрында өтеді деген ой болды. Алайда, оқиға желісі дами келе, қойылымның мүлдем күлетін тақырыпта еместігін түсіндік. Яғни, мұнда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер анық көрсетілді. Хәкім Абай қашық болуға шақырған 5 нәрсенің бүгінде өкінішке қарай, көп адамдардың бойында кездесіп жататындығы бейнеленді. «Жалпы, Абай атамызды сол заманда толғандырған мәселелердің бүгін де өзекті екендігі айтылды»,- дейді театр актері Асылхан Разиев. Ол қойылымда басты рөлдердің бірі, яғни «Толық адамның» бейнесін сомдады.

Асылхан Разиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Жалпы, көп театрларда Абайдың прототипін алып жатады. Оның өзін сомдайды. Ал біздікінде Абай атамыз айтып кеткен қоғам туралы ғана айтамыз. Мен бұл спектакльге дайындалып жүргенде Абайды танып, зерттеу жолында жұмыстарымды ертерек бастадым.

Қойылымдағы тағы бір ерекше кейіпкер ол – «Көзге көрінбейтін адам». Қара шаңырақтың актрисасы Гүлдана Асқарова қоғамдағы ащы шындықты халыққа жеткізетін жанды сомдайды. Бірақ, оны ешкім көзге ілмейді, жан айқайын естімейді. Нәзікжандының айтуынша, шындықты айтып, шырылдайтын адамдар қазір сирек, бірақ бар.

Гүлдана Асқарова – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Спектакльге 1 ай көлемінде дайындалдық. Абайдың 100 жылдан астам уақыт бұрын айтып кеткен сөздері әлі күнге дейін актуалды, біздің заманға керек екендігі бұл спектакльде көрсетіледі. Бұл – өте ерекше образ. Маған өзіме ұнайды. Мұндай образды бірінші рет сомдап тұрмын. Бұған дейін түрлі рөлдерді сомдадым. Спектакль жүріп жатса, мен оны сырттай бақылауыма да мүмкіншілік бар.

«Толық адам» спектаклінде қара шаңырақтың барлық актерлері өнер көрсетті. Олар қойылым арқылы тұрғындарға басты идеяны жеткізе білді. Бұған жиналған қауымның алған әсерлері дәлел.

– Сөз түсініп, мақал-мәтелдің, Абай атамыздың қара сөздерінің мағынасын түсінетін қазақ азаматтарына бүгін ой-толғау тасталды. Бір жерлерінде көзімнен жас та шықты.

– Бүгінгі спектакль қатты ұнады. 1 жылдан артық театрға келмегеніміз сезілді. Театрды қатты сағындық.

Спектакль Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайластырылған. Негізі, көрермен назарына былтыр ұсынылуы керек еді. Алайда, карантинге байланысты кешеуілдетіп қойылып отыр.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Әр көрермен өзіне керегін алады. Абайдың: «Өз сөзімді айттым, керегін ал, керек емесі өзімде қалады»,- деген сөзі бар. Бүгінгі қойылым да соны айтып тұр. Бұл – өзінің ғұмырлығын жоғалтпайтын дүние деп ойлаймын.

“Толық адам” спектаклінің қоюшы-режиссері – театрдың бұрынғы көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы Жастар театрында қызмет етуде. Жергілікті өнер ұжымы бұл премьераны ұсыну үшін біраз уақыт тер төкті. Дайындық жұмыстарының басы-қасы қасында Фархат Молдағалидің өзі жүрді.

 

Алтынай Казиканова

 

Бұдан әрі оқыңыз

Ұлттық домбыра күніне орай концерт ұйымдастырылды
Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні
Облыстық кітапханада Зейнолла Әкімжановті еске алу кеші өтті
Елорда күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылды
Ғ.Мүсірепов ауданында 2 мәдениет үйі күрделі жөндеу көрген
Қызылжарда қолға алынатын жобалар жайлы айтылды
Петропавлда елорда күніне орай челлендж ұйымдастырылды
Облыстың ҚХА-ның Елорда күніне арнауы
Облыстық қуыршақ театрында – премьера