МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі М.Жұмабаев ауданының орталығында жиын өткізді

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров баяндамасын оқып жатыр. Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына көз жүгіртсек, ауыл шаруашылығы саласында бірталай шаруа атқарылыпты. Былтырғы қиындықтарға қарамастан 445 мың тонна дәнді дақыл және 108 мың тонна майлы өнім жиналған. Агросектордағы орташа жалақы көлемі 146 мың теңгені құрайды. Көңіл қуантарлық көрсеткіштерді жіпке тізгенімізбен, Мағжан Жұмабаев өңір аудандары арасында көш соңында тұр. Бұған не себеп?

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Ауданымызда тиісті агротехникалық әдіс-тәсілдерді қолданбайтын шаруашылықтар бар. Салдарынан оларда гектар берекелігі төмен. Мысалы, «Агрофирма Майбалық», «Раяна», «Салахаддин» серіктестіктерінде астық шығымдылығы 6 центнерді құрады. Бізде үлкен аумаққа ие бола тұра мал шаруашылығын қолға алмаған агроқұрылымдар да бар. Өкінішке қарай, қазір ауданда сала өкілдерінің барлығы бірдей сүт өндірісінің тиімді тұстарын түсінбейді.

Бір қызығы, жауапкершілігі төмен шаруашылықтар мемлекеттен миллиондап субсидия алады. Ол ақшаны іске жаратпай, құмға сіңген суға айналдырады. Нәтижесінде, өлкенің экономикасын артқа тартады, халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов аудан басшылығының жұмысын қатаң сынға алды. Атқамінерлер шаруалармен жөнді жұмыс істемеген және жағдайды бақыламаған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жергілікті әкімдік 3 жыл ішінде төмен өнім алып келген шаруашылықтарға наразылық білдіруі тиіс. Бірақ, әкімдік қандай да бір себептермен жұмыс істемейтін серіктестіктерге бірде-бір шағым жасамаған. Қайрат Қайроллаұлы, осыны түсіндіріп беріңізші? Бұл мәселені бірден шешу қажет еді. Сіз әкім лауазымында 2,5 жыл жұмыс істеп жатсыз. Сізді не үшін тағайындадық?

Құмар Ақсақалов жер мемлекетке тиесілі екенін, ол тұрғындарға пайда әкелуі қажеттігін тілге тиек етті. Өзгені емес өзін ғана ойлайтын басшыларға қатысты қатаң шаралар қабылданады. Келешекте пайдаланылмайтын алқаптарға салынатын салық 20 есеге артпақ. Сондай-ақ, өлкедегі әрбір танаптың жай-күйін бақылауға мүмкіндік беретін инновациялық жоба іске қосылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде жауапсыз агроқұрылым басшылары 1 емес, бірнеше заңгерді қатарға тартып, өздерін халықтан қорғауда. Заңгерлерді емес, агрономдар мен инженерлерді жұмыс тарту керек. Механизаторларды қабылдап, оларға жағдай жасау қажет.

Жиын барысында облыс әкімі аудандағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Қазір кейбір елді мекен тұрғындары ауылшаруашылық тауарөндірушілері жәрдемдескеннің өзінде үйлеріне тіршілік көзін кіргізуі үшін 150 мың теңгеге дейін төлеу қажет екен. Облыс әкімі бұл сома ауылдағы ағайын үшін тым қымбат деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 21 век. Заслужили люди, чтобы вода была в каждом доме. Это же от зависит от вас. Я давал поручение пересмотреть проекты. Не пойдёт так. 150 тысяч тенге никто никогда, наверное, не заплатит, за редким исключением. Огромная сумма для человека, проживающего в селе.

Кем-кетік тұстар анық айтылды, өткен күн қорытындыланды, енді алдағы жоспарды баян етейік. Солтүстік Қазақстан облысының 2021 жылғы бюджеті 330 млрд теңгені құрайды. Болашақта бұл сома әжептәуір өспек. Оның себебін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов былай деп түсіндірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жуырда тағы да шешім қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облысымыздың 5 жылдық даму бағдарламасы бекітілді. 5 жылда біздің облысымызға әдеуір қаражат бөлінетін болады. 330 млрд-қа биылғы жылдың өзінде 80 немесе 100 ммлрд теңге қосылатын болады.

Қыруар қаржы негізгі салаларға бағытталмақ, ауылдарға көп көңіл бөлінбек. Атап айтсақ, тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жолдарды қалыпқа келтіру, су тарту, әлеуметтік маңызы бар нысандар салу, жөндеу жұмыстары одан әрі қарқын алмақ. Жиын соңында Құмар Ақсақалов жерлестерімізді жұмыла жұмыс істеуге шақырды және әр солтүстікқазақстандық мемлекет қолдауын сезінуі қажеттігін баса айтты.

 

Байболат Култанов