Қоғам

ЕС-164/6 мекемесінде 8 Наурызға арналған жиын өтті

Ана. 3-ақ әріп, шегі жоқ мағына. ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан нәзікжандылар да біреудің аяулы анасы, сүйікті қызы, өмірлік жары. Қателік жасап, тағдырдың тәлкегіне түсті, кейін өкінді.

Бұл өлеңді Салтанат Тұрмановаға туған қызы арнап жазған екен. Перзентінің хатпен жолдаған сағынышын, жылы лебізін анасы жұрт алдында оқып беруде. Қағаздағы әр сөз тек Салтанат Тұрманованың ғана емес, залда отырғандардың да жүрегін елжіретіп жіберді.

Салтанат Тұрманова – жазасын өтеуші:

– Бір кісіге жер сатуға көмектесемін деп қылмысқа барғанымды білмей қалдым. Топқа ілігіп қалдым. 3 жыл 6 ай берді.

Салтанат Тұрманова 6 баласы бар. 11 немеренің әжесі. Бала-шағасының қасына 10 айдан соң оралады. Темір торда өткен уақыттың көбі кетіп, азы қалды.

Салтанат Тұрманова – жазасын өтеуші:

– Аман-есен балаларымызға жетіп, тез бостандыққа шығуды тілейміз. Сағынамыз. Бәріміз де анамыз. Осындай жағдайға ұшырадық. Адаспайтын жан болмайды, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Бір қателескен шығармын өмірде.

Нәзікжандылар ән айтып, өлең оқыған соң, сахналық көрініc те ұйымдастырды. Кезек – жазасын өтеушілердің туған-туыстары әзірлеген тосын сыйға да келіп жетті.

Баласының жарқын жүзін көрген аналары көз жасына ерік берді. Ананың аты ана. Дүниеге әкелген перзентін сағынады, әрине. Алыста жүріп уайымдайды. Керек кезде қасынан табылып, ақыл-кеңесі, бар мейірімімен бөлісе алмағанына өкінеді.

– Аз уақыттан соң жанына ораламын. Бәрі жақсы болады.

 – Мы увидели поздравление наших близких. Вот такое поздравление не каждый день дается увидеть.

Мұндай шара мекемеде жылда ұйымдастырылып тұрады.

Гүлжан Сексембаева – ЕС-164/6 мекемесінің психологы:

– Осындай кештер психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға септеседі. Психологиялық көмек әр сотталғанға қажет. Осы мекемеге келгеннен бастап әңгімелесуге тырысамыз.

ЕС-164/6 мекемесінде 240-тан астам нәзікжанды жазасын өтеуде.

 

 

Маржан Касымбек