Мәдениет

Петропавлда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай шара өтті

“Жүз жасаған бәйтерек”. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай шығармашылық жиын ұйымдастырылды.

«Ленинградтық өренім». Жамбыл Жабаевтың бұл өлеңін естімеген жан жоқ шығар. ҰОС кезінде дәл осы туынды жауынгерлер мен жау құрсауында қалған жандардың қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан. Ал қазіргі жастардың патриоттық рухын өрлетуде. Тарихи шығарманы кәсіптік-педагогикалық колледждің студенті Диана Қалқабек оқып берді.

Диана Қалқабек – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Өлеңді оқыған кезде бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Қиын-қыстау кезде ата-бабаларымыздың қаншалықты мықты, қайсар болғандығын түсінем. Біз батырларымызға қазіргі еркіндік үшін қарыздармыз. Өз парызымызды елге адал қызмет ету арқылы өтеу керекпіз деп есептеймін.

Диананың өзі де 10 жасынан бері өлең жазады екен. Бүгінге дейін 500-ге жуық туындының авторы атанған. Ал қазір өзі ойдан шығарған қызықты әңгімелерді қағаз бетіне түсіріп жүрген көрінеді. Кезек келесі студентке жетті. Бұл жолы тыңдарман қауымға Ерасыл Амантаев Жамбылдың «Сталиннің ер досы» өлеңін оқып берді.

Шығармашылыққа жаны жақын жігіт Жамбыл Жабаевтың әр туындысымен жақсы таныс. Өзі құтқарушы мамандығы бойынша білім алады. Ұлы атасы соғысқа қатысқан екен.

Ерасыл Амантаев – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Менің атамның әкесі соғысқа қатысқан. Белградтың қасында көз жұмды. Томаровка ауылын қорғап жатқан кезінде. Хат жазған екен. «Мен келемін!» деген. Бірақ, қайта оралмады.

Одан соң ән айтылып, монолог оқылды. Кабинетте отырған болашақ құтқарушылардың көбі әдебиетке жақын екен.

Тамаша Сейтжанова – СҚ кәсіптік-падагогикалық колледжінің оқытушысы:

– 1 ғасыр өмір сүрген ақынымыздың қалдырған мұрасы мол. Адамгершілік, Отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды шығармалары өте көп.

Шығармашыл студенттер шара соңын «Әлқисса» күйімен аяқтады.

 

 

Маржан Касымбек