“Қос батырдың бірі – Құлеке” атты конференция өтті

Халық тарих толқынында

22:01 24 Ақпан 2021

Құлеке батыр қолданған найзаның ұшы, аңға шыққанда бүркіті отыратын тұғыр мен құстың томағасы. Бүгін бұл құнды дүниелер “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде өткен конференцияда паш етілді. Сондай-ақ, “Қос батырдың бірі – Құлеке” атты жиында оның өмірі мен ерлігі жайлы айтылды.

Құлеке Тәңірбердіұлы 1702-жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде дүние есігін ашқан. Батыр жұртшылыққа Шал ақын бабамыздың әкесі, Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, елші, мәмлегер ретінде таныс. Өз заманында талай мәрте ұлы шайқастарға қатысып, ерлікпен көзге түскен. Әрі білек күшімен білімді қатар алып жүрген көрнекті тұлғалардың бірі болған. Сондай-ақ, көрші Ресей және Қытай елшілерімен тығыз байланыста болған, бірнеше тіл білген.

Мұрат Жантілеуов – Құлеке батырдың ұрпағы

– 1732 жылы Орта жүз ханы Сәмекенің елшісі болып Санкт-Петерборға патшаға барған. Ол жерде біраз мәселелерді шешіп қайтады екен. Жасы 30-да ғана болған екен. 4 ай жолда жүріпті. Бұл жайында орыс елшісі Тевкелев хабарлайды. Тағы, батырдың Мәскеуге талай рет барғаны жайлы да мәліметтер бар.

Ер есімі – ел есінде. Бүгінгі жиында батыр қолданған найзаның ұшы, аңға шыққанда бүркіті отыратын тұғыр мен құстың томағасы, тағы басқа да заттары көрсетілді. Құлеке батырдың 6-шы ұрпағы Мұрат Жантілеуов жаужүрек жауынгер жайлы қазіргі таңда біраз ақпарат барын айтады.

Мұрат Жантілеуов – Құлеке батырдың ұрпағы:

– Абылайдың айтуымен Есіл бойына қазақ руларын әкеліп, орналастырған. Шал ақын ауданының жерінде болған жекпе-жекке 3 естектің батырларын өлтірген. Естек батырлары Сібір жағына кетіп, орнына қазақтар барыпты. Орыстардың тарихи қорларында батырдың есімі 33 рет аталады. Онда Ресей, Қытай, Қорғанға барғаны жайлы жазылған.

Тарихымызды білмей, болашақты болжау расымен де қиын. Сол себепті, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында музейде осындай жиын өткізіліп отыр. Басты мақсат – жастарға ата-бабамыздың ерліктерін ұмытпай, бойларында патриоттық сезім қалыптастыру.

Әсемгүл Қыдбекова – «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

– Бұл конференция өте маңызды. Өйткені, оған Алматы, Нұр-Сұлтан және біздің қаламыздың және Шал ақын ауданының әкімдігі қатысуда. Және де ардагерлер, Ұлттық ұлан ұландары, облыстық архивтің басшылығы қатысып отыр.

Жалпы, жиынға 200-ден астам адам қатысты. Алдағы уақытта музей қызметкерлері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірталай іс-шаралар легін өткізуді жоспарлап отыр.

 

 

Казиканова Алтынай

Бұдан әрі оқыңыз

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жүргізілуде