Қоғам

Биыл өңірде 22 инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ

Өңірдің еңбек нарығында құрылыс және қызмет көрсету саласының мамандарына деген сұраныс жоғары. Осы орайда биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 500 адам қысқа мерзімді оқытудан өтпек. Ал “Жұмыспен қамтудың жол қартасы” аясында аймақта 22 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Өңірде “Бастау” жобасы аясында оқыту белсенді түрде жүргізілуде. Өткен жылдың өзінде мыңға жуық адам оқыту курстарынан өткен. 70 пайыздан астамы өз ісін ашыпты. Ал биыл кәсіпкерліктің қыр-сырын 750 солтүстікқазастандық меңгермек. Үстіміздегі жылы курстар сәуір айында басталады деп жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, “Бастау” жобасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Гүлнәр Шәймерденова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Жалпы, былтыр “Еңбек” бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдауға 3 жарым млрд бағытталған. Қомақты сомаға 650-ден астам несие мен 1700-ге жуық грант берілген. Ал биыл ағайынға тек несие ретінде 1,8 млрд теңге үлестірілмек.

Өңірдің еңбек нарығында құрылыс және қызмет көрсету саласының мамандарына деген сұраныс аса жоғары. Биыл экономика саласының дамуын ескере отырып, 500 адамды қысқа мерзімді оқыту жоспарланған. Оның жартысына жуығы құрылыс мамандықтары бойынша білім алмақ екен. Тағы бір қолдау жайлы айта кетейік. Өлкемізде “Еңбек” бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба былтырдан бері “Ұрпақтар келісім шарты” және “Бірінші жұмыс орны” деп аталатын 2 бағыт бойынша жүргізілуде. Ұрпақтар келісім шарты” бағыты аясында білікті қызметкер жас маманмен тәжірибесімен алмасады. Ал “Бірінші жұмыс орны” бағыты жасы 29-дан аспаған, тәжірибесі жоқ, білім беру ұйымдарының түлектеріне және еңбекке жарамды мүгедектерге арналған. Олар осы бағыт бойынша білім алып, кейін жұмыс таба алады.

Гүлнәр Шәймерденова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Жалпы, өткен жылы 30 мың жерлесіміз екі қолға бір күрекпен қамтылды. Бұл бағыттағы негізгі іс-шаралар “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Сондай-ақ, аққайындар өлкесінде былтыр 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Өлкеде “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда. Оның аясында былтыр 7 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 жарым мың адам қызметке тұрған. Ал үстіміздегі жылы аққайындар өлкесінде 22 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Осының арқасында қосымша 500-ге жуық жұмыс орны пайда болмақ.

 

 

 

Ешкенова Дана