Білім

Петропавлдық оқушы “ақылды қоқыс жәшігін” ойлап тапты

14 жастағы петропавлдық оқушы “ақылды қоқыс жәшігін” ойлап тапты. Оның қарапайым контейнерден ерекшелігі – адам жақындаған кезде қақпағы өздігінен ашылып, затты тастағаннан кейін өзі қайта жабылады.

Тың дүниені жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-ші сынып оқушысы Арман Нұрышев жасаған. Оның мұндай жаңашылдықты ойлап табуына даладағы қоқыс контейнерлерінің маңында үнемі тұрмыстық қалдықтардың шашылып жатуы себеп болыпты. Жас өнертапқыш көшелердегі жәшіктерді көріп, “Бетін жауып қойса дұрыс болар еді”,- деп ойлаған екен. Сондай-ақ, “ақылды жәшік” тұрмыстық қалдықтарға толып бара жатқан жағдайда коммуналдық кәсіпорынға өздігінен белгі береді. Жеткіншектің ойлаған идеясын жүзеге асыруға ұстазы көмектесіпті.

Арман Нұрышев – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Ақылды қоқыс контейнерін жасап шығару үшін ультрадыбыстық сенсор, аккумулятор және бірнше датчик қажет болды. Қажетті құралдардың барлығын дүкеннен сатып алып, жинап, ойлағанымызды жүзеге асырдық. Сондай-ақ, қоқыс жәшігін арнайы қуат көзіне жалғадық. Енді алдағы уақытта көлемін үлкейтіп, тағы бірнеше контейнер жасауды жоспарлап отырмыз.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай