Қоғам

Болашақ Отан қорғаушылар шақырту пункттерінде тіркеуден өтуде

Өңірде болашақ Отан қорғаушылар шақырту пункттерінде тіркеуден өтіп жатыр. Қаңтардың 5-і күні бастау алған науқан наурыздың 31-ші жұлдызына дейін жалғаспақ. Осы уақытқа дейін 3 мыңнан астам бозбаланы медициналық тексерістен өткізіп, тіркеу туралы куәлік табыстау жоспарланған.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл өңірде арнайы пункттерге шақырылған бозбалалардың саны едәуір артқан. Мәселен, былтыр өңірде 17 жастағы 2900 жерлесіміз тіркеуден өткен. Ал биыл жастардың саны 3 мыңнан асып отыр. Болашақ Отан қорғаушыларды шақыру, медициналық тексерістен өткізу және оларға тіркелу туралы куәлікті табыстау жұмыстары наурыздың соңына дейін жалғасады.

Берік Нұрғалиев – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің нұсқаушы-сержанты:

– Азаматтарды шақырту учаскесіне тіркеудің негізгі мақсаты – азаматтарды әскери есепке алу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық санатын анықтау, білім деңгейін белгілеу болып табылады.

Шақырту қағазында аты-жөні көрсетілген әр азамат белгіленген күні, белгіленген уақытта келуі тиіс. Өзімен бірге тиісті құжаттары да болуы шарт. Ал ауыр жарақат алса, жақындары өмірден өтсе немесе күрделі аурумен ауырса, тіркеуді кейінге шегеруге мүмкіндік бар. Бірақ, мұндай жағдайда мамандарға міндеттері түрде дәлел ұсыну қажет.

Берік Нұрғалиев – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің нұсқаушы-сержанты:

– Әскерге шақыру пунктіне тағайындалған азаматтармен бірге жергілікті әскери басқару органдарына келгеннен кейін тиісті құжаттардың болуы тексеріледі, содан кейін медициналық тексеруден өтеді. Медициналық тексеру нәтижелері бойынша азаматтың жарамдылық дәрежесі туралы шешім қабылдайды.

Тіркеу барысында әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген жастарға үгіт-насихат жұмыстары да жүргізіледі.

 

Алдияр Айтпаев