Әр түрлі

Әскери-техникалық мектепті 33 сарбаз тәмамдады

Антыңа адал бол жауынгер. Бүгін Петропавлдағы әскери-техникалық мектепті 33 сарбаз тәмамдады. Солтүстікқазақстандық және қостанайлық жігіттер / 40 күн бойы әскери білім алған болатын. Олар осы уақыт ішінде темірдей тәртіпке бейімделді, жауынгерлік әдіс-тәсілдердің қыр-сырын меңгерді.

 

Отан алдындағы борышын өтеу – әр ер азаматтың парызы деп біледі Абай Дүйсенғали. 25 жастағы қостанайлықтың мамандығы – ветеринар-санитар. Алайда, болашақта құзырлы органдарда қызмет атқарғысы келеді екен. Сол себепті, Петропавлдағы әскери-техникалық мектепке құжат тапсырған. “1 жыл болмаса да, 40 күн ішінде әскери өмірдің қызығы мен шыжығын көрдім”,- дейді Абай.

Абай Дүйсенғали – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгері:

– Әскери мектепте көптеген әскери әдіс-тәсілдерді үйрендік. Келгеніме еш өкінбеймін. 40 күн ішінде әскери жылдың тәттісі мен ащысына куә болдық. Мұнда бейбітшілік кезінде және соғыс жағдайында қандай әдістерді қолдану керектігін үйретеді.

Ал Шыңғысхан Ерекешев болса, әскери өмірге аз уақыттың ішінде баулыған жергілікті ұстаздарға алғысын айтады. Азаматтың мамандығы – заңгер. Алдағы жоспарларына байланысты темірдей тәртіпке үйреніп, әскери билетке қол жеткізуді шешкен.

Шыңғысхан Ерекешев – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгері:

– Бізге бұл мектепте көп нәрсе үйретті. Өте қызықты болды. Мұнда Ауған соғысының 32 жылдығына орай кезінде ұрысқа қатысқан батыр жайлы мақала да жаздым. Жалпы, өзіме керекті біраз ақпарат алдым.

40 күнде әскери даярлықтан өткен 33 сарбаз бүгін ант қабылдады. Оның 18-і қостанайлық болса, ал қалғаны – теріскейліктер. Жас ерекшеліктері 24 пен 35-тің аралығын құрайды.

Қалиолла Сауытбеков – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

– Мұнда біз жауынгер әскери жағдайда нені білу керек – соның барлығын үйретеміз. Мысалы, сапта тұру, мылтық ату, окоп қазудан сабақ береміз.

Жалпы, жергілікті әскери мектептен 13-ші жылдан бері 2 мың 700-ден астам түлек ұшқан. Мамандар жауынгерлердің келесі легін 26-шы ақпаннан бастап қабылдамақ.

Алтынай Қазиқан