МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық кәсіпкер жылжымалы монша жасайды

Жылы, жылжымалы, жиналмалы. Солтүстікқазақстандық кәсіпкер осындай ерекше монша жасайды. “MobiGroup” жеке кәсіпкерлігінде құрастырылатын дүниеге сұраныс баршылық. Әсіресе, қалада тұратын жер үй тұрғындары тарапынан. Өндірісте тек қарағай ағашы ғана қолданылады екен.

Дәл қазір қолына электрлік бұрағыш құрал ұстаған шебер ағаштарды шегенің көмегімен бір тізбекке тізіп жатыр. Осылайша нысанның ішкі бөлігі әзірленеді. Одан соң сырты қапталады. Бұл шаруаны атқару кезінде маман «минплита»-ны қолданады екен. Айтуынша, материал жылуды біраз уақыт сақтап тұруға септеседі.

Юрий Шалов – “MobiGroup” ЖК ағаш шебері:

– Жұмысқа кіріспес бұрын ең алдымен сызбасын аламыз. Соған қарап сала бастаймыз. Қарағай ғана қолданылады. Себебі, ол кепсе де көлемі кішіреймей, сол қалпын сақтап қалады.

Бір моншаны әзірлеу үшін шамамен 15 күн уақыт кетеді. Егер көлемі әдеттегіден үлкен болса, 20 күн жұмсалады. Ал дайын болған жылжымалы монша қандай? Жұмбақтай бермей бірден көрсетейік. Сырттан қарағанда шағын үйге ұқсайды. Іші 3 бөлікке бөлінген. Кіреберісте отырып демалуға арналған орындық пен үстел бар. Мына жерде киім ауыстыруға болады. Ал негізгі бөлік, яғни булы бөлме осында орналасқан. Шеберлер әр ұсақ-түйекке жіті мән беріпті.

Алексей Унру – “MobiGroup” ЖК директоры:

– Пешті жылыту үшін ішке отын алып кірудің қажеті жоқ. Тиісті шаруаның барлығы сыртта атқарылады. Арнайы күнқағар немесе бастырма орнатып жылытуға мүмкіндігіңіз бар. Ал су құйылатын ыдыстың сыйымдылығы 50 литрі құрайды.

Іштегі температураны бақылап отыру үшін термометр тағылған. Кәсіпкер ағаштан жылжымалы моншадан бөлек, өзге де дүниелер әзірлейді. Темір тұлпарды қоюға арналған бастырма, шағын саяжайлық және каркас үй жасайды. Тапсырыс берсеңіз болғаны, түрлі құрал-жабдықтарды сақтауға немесе жұмыс істеуге арналған жеке бөлме де дайындап береді. Бұл тізімге жылыжай да кіреді.

Алексей Унру – “MobiGroup” ЖК директоры:

– Біз әзірлеген дүниелердің тиімді тұстары көп деп айтар едім. Моншаны да, шағын үйлерді де бөлшектеп, қайта құрастыруға болады. Егер сатып алушы бізден алған дүниенің орнын ауыстырғысы келсе, өзіміз барып көмектесе аламыз.

Жылжымалы моншалардың бағасы 870 мың теңгеден басталады. Сапасы ақшасына сай. Төлем жасаудың 3 түрі бар. Қолма-қол немесе екінші деңгейлі банктен несиеге алуға болады. Құнын сатып алушы өз қалауына қарай белгілі бір уақыт аралығында ешқандай пайызсыз бөліп төлеуіне мүмкіндігі бар. Сұрақ туындаған жағдайда кәсіпкердің өзіне хабарласып сұрауға болады.

8747 039 91 24, 8705 722 93 35

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек