Құқық қорғау органдары

Ауған соғысы жауынгерлері ескерткішінің алдындағы гүлдерді кім шашып кетті?

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 32 жыл толды. Осыған орай тұрғындар қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерді еске алып, ескерткіштерінің алдына гүл шоқтарын қойған болатын. Алайда, бір күн өтер-өтпестен гүлдердің тас-талқаны шыққан.

Мұны қала тұрғындары видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде қызу талқыға салды. Көпшілігі бұл бұзақы жастардың әрекеті деп болжамдап, оларды тәртіп сақшыларынан жазалауға талап етті. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметкерлері тексеру жүргізген. Тексеріс барысында анықталғандай, ескерткіштің маңын коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері тазалапты. Қатты желдің салдарынан қоқысқа тасталған гүлдер жан-жаққа шашылған. Жұмысшылардың гүл шоқтарын қоқыс жәшіктеріне апарып тастағаны бейнежазбадан анық көрінеді. Осы орайда полиция қызметкерлері қаланы тазалаумен айналысатын жандармен жүздесіп, бұдан былай ескерткішке қойылған гүлдерді ерте жинап тастамау қажеттігін еске салды.

Сән Жұмағазина – СҚО ПД бөлімінің бас маманы:

 – Петропавл қаласы Полиция басқармасының басшылығы «Коммунхоз» серіктестігі өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізу барысында, бұдан былай қала тұрғындарының көңілдеріне қаяу түсіретін іс-әрекет жасамай, ескерткішке қойылған гүл шоқтары мен гүлдерді шұғыл түрде қоқысқа лақтыруға жол бермеу туралы келісілді.

 

 

 

Ешкенова Дана