Мәдениет

Жергілікті 14 өнерпаз ұжым “Халықтық” және “Үлгілі” атақтарына ие болды

Еңбегіне қарай  құрмет! Бүгін Петропавлда  мәдениет саласы мамандарының басын қосқан семинар өтті. Жиында  қатысушылар өзекті мәселелерді талқылады, атқарған жұмыстарын қорытындылады. Сондай-ақ, 14 шығармашыл ұжымға “Халықтық” және “Үлгілі” атақтары берілді.

“Бұлақтар” би ансамблі 2007 жылы №8 орта мектебінде құрылған. Бүгінде ұжымға 80-ге жуық жас мүшелік етеді. Қоржындарында түрлі ұлттардың 30-дан астам биі бар. Талантты ұжымды өңірде ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында жақсы таниды. Өйткені, облыстық, республикалық байқауларға жиі қатысып тұрады. Тіпті, халықаралық сайыстарда да үздіктер қатарынан көрінген.

Айгерім Уәлиева – №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің директоры:

– Біздің бишілеріміз 14 жылдың ішінде талай белестерді бағындырған. Түрлі қалаларға барып көрермендердің көзайымына айналды. Қаладағы концерттер біздің ұл-қыздарымыздың қатысуымен өтеді.

Бүгін “Бұлақтар” би ансамблінің 14 жылдық еңбегі еленіп, Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен “Үлгілі” деген атақ берілді.

Сондай-ақ, бүгін тағы 9 ұжымға – “Халықтық”, ал 4-уіне “Үлгілі” деген атақ беріліп, диипломдар табыс етілді.

Сандуғаш Жоламанова – облыстық халық шығармашылығы және мәдениет – бос уақыт қызметі орталығы директорының орынбасары:


– Бүгін аудандық, қалалық мәдениет ошақтарының директорларымен семинар өткіздік. Жиын барысында 2020 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындыладық. Ең үздік ұжымдар диплом және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылы 14 ұжымға “Халықтық” және “Үлгілі” атақтары берілді.

Бұдан кейін орталық мамандары семинар өткізді. Жиынға қалалық және мәдениет үйлерінің жетекшілері қатысты. Семинар барысында мәдениет ошақтарының өткен жылғы жұмыстары қорытындыланды.

Ешкенова Дана