Білім

Биыл өңірде 5 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылады

Студенттерге таптырмас мүмкіндік! Биыл өңірдегі 5 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылады. Іске “Жас маман” мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млрд 440 млн теңге бағытталып отыр. Мұндай шаруа өлкемізде өткен жылы да тындырылған болатын. 4 бірдей білім мекемесіне заманауи қондырғылар мен құрал-жабдықтар сатып алынды.

Бұл – темірді жонуға, қайрауға, кесуге және үшкірлеуге арналған қондырғы. Заманауи білдектің көмегімен мұндағы мамандар кез келген техниканың қосалқы бөлшегін әзірлей алады. Ол үшін 2-3 сағат уақыт жеткілікті. Құрылғы қаладағы Машина жасау колледжіне өткен жылдың желтоқсанында жеткізілген. Қазір оның қыр-сырын оқытушылар ғана біледі. Ал студенттер енді меңгеріп жатыр.

Павел Синькин – Петропавл қаласының машина жасау колледжі директорының орынбасары:

 

– Бұл – машина жасау мамандығы бойынша білім алатын студенттерге таптырмас мүмкіндік. Мұндай білдектер өңірдегі кәсіпорындардың көбінде кездесе бермейді. Болғанның өзінде оны дұрыс қолдана алатындар аз.

Ал мына кабинеттегі озық үлгідегі қондырғылардың көмегімен қосалқы бөлшек небәрі 2-3 минуттың ішінде әзір болады. Бұл техника Германия мен Жапонияда жасалып, Ресейде құрастырылған. Ерекшелігі сол, істің барлығы толықтай автоматтандырылған. Темірді өлшеп, қалай жону керектігіне дейінгі шаруаның барлығы компьютерде жасалады. Ал мамандардың міндеті – заман игіліктерін басқару ғана.

Қазір мұндай заманауи дүниелердің тілін меңгерген шеберлерге деген сұраныс аса жоғары.

Максим Щербаков – Петропавл қаласының машина жасау колледжінің студенті:

 

– Сабақ барысы бұрынғыдан да қызықты бола түсті. Біз кітаптан ақпарат алып қана қоймай, білімімізді тәжірибе жүзінде арттырудамыз. Осының арқасында болашақта жұмысқа орналасқан кезде кез келген техниканы басқару оңай болады.

10-нан астам техниканы сатып алуға 300 млн теңгеден астам ақша жұмсалған. Қомақты қаржы «Жас маман» бағдарламасы аясында бөлініпті. Мемлекет тарапынан көрсетілген дәл осындай қолдауға былтыр Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі де ие болды.

Жазира Асаинова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:

 

– Былтыр біздің колледжге “Жас маман” бағдарламасы аясында 320 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қомақты қаражатты екі бағыт бойынша жұмсадық. Технология және құрылыс салаларына қажетті дүниелер сатып алынды. Сондай-ақ, конференц-зал қалыпқа келтіріліп, жаңа орындықтар мен үстел қойылды.

Колледжде мұндай техникалық жаңғырту бұрын-соңды болмаған. Мәселен, аспаз-кондитерлік зертхана әжептәуір жанданып қалыпты. Бұрын мұнда бір үстел мен газ плитасы ғана болған екен. Ал қазір араластырғыш, тоңазытқыш, бумен пісіруге арналған құрылғы, таба дейсіз бе, қажетті ұсақ-түйектің бәрі бар. Қазір студенттер торттың да, тамақтың да түр-түрін осында әзірлейді. Ал екінші оқу корпусындағы құрылысшылар зертханасы адам танымастай өзгерген. Құбыр тартушы, дәнекерлеуші және сантехниктерге керектінің барлығы алынған. Студенттер ең күрделі деген шаруаны атқаруды нысан ішінде үйренеді.

Бауыржан Зейнуллин – СҚО білім басқармасының бас маманы:

 

– Былтыр өңірге 1 млрд 140 млн теңге бөлінген болатын. Ал биыл “Жас маман” бағдарламасы аясында тағы 1 млрд 440 млн теңге бағытталып отыр. Бұл жолы 5 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығына қажетті комбайн, трактор сынды ірі техникалар сатып алынады.

“Жас маман” мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр өңірге бөлінген 1 млрд теңгеден астам сома 4 колледжге бағытталыпты. Мамандардың айтуынша аталған жоба біздің облыста биыл соңғы жыл жүзеге асырылуда.

Маржан Қасымбек