ТКШ

Петропавлда жарылған су құбыры әлі жөнделмей жатыр

Айнала  айнадай мұз. Петропавлдағы Челюскин көшесінде су құбыры жарылып, су жан-жаққа жайылып кетті. Жолды жауып, көк мұзға айналған. Әзірге, үйлерге жақындағанымен ішке кірмепті.

Қаладағы Челюскин көшесіндегі мына көрініс көктемді еске салады. Мұнда осыдан 3 апта бұрын жерасты су құбыры жарылыпты. Содан бері тіршілік көзі жан-жаққа тоқтаусыз ағып жатыр. Салдарынан жол көктайғаққа айналған. Ал тұрғындар күн сайын үй маңына жиналатын суды күрекпен күреп шығарып, мұзды кезектесіп оюға мәжбүр.

Ольга Логиновская – қала тұрғыны:

– Аққан су көше бойына таралып барады. Бұл бізге біраз қолайсыздық туғызуда. Мұздан тайғанап, діттеген жерімізге әрең дегенде жетеміз. Барлығының үйінде кішкентай балалары мен қариялары бар. Ең алдымен сол жандарды уайымдаймыз. Бейберекет жайылған су мен көктайғақ көлік қатынасына да қиындық туғызады. Жеңіл автомобиль мен жедел жәрдем әзер өтеді. Бұл жағдай қалай да шешімін табуы керек.

Әзірге, су құбырының қай тұсы жарылғаны белгісіз. Тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдай Челюскин көшесінде алғаш рет орын алып отыр. Айнала айнадай мұз. Өзіңді хоккей алаңында жүргендей сезінесің.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Расымен де, көктайғаққа айналған мына жолмен жүру адам өміріне қауіп төндіреді. Бір шалыс қадам жасасаң, оңбай құлап, жарақат алуға болады. Жарақат алу – бір мәселе. Екінші мәселе – қақаған қыста аяқ киімнің су болуы.

Тоқтаусыз аққан су абырой болғанда әлі үйлерге кірмепті. Алайда, тұрғындар «Көктем келсе баспанамызды су басады»,- деп алаңдауда.

Владимир Кин – қала тұрғыны:

– Біз мұндай сұмдыққа тап болғаннан кейін тиісті органдардың барлығына хабарласып шықтық. Бірақ, пайдасы шамалы. Бәрі бір-біріне сілтейді. Әйтеуір, керек жауапты әзер дегенде алдық. Бізге «Көктемге дейін шыдаңдар, кейін жөндейміз» деп жауап берді. Алайда, күн жылынғанда барлығы еріп, су үйімізге кіреді ғой! Сонда не боламыз?

Мәселенің шешімін білу үшін біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгіндік. Алайда, мамандар камера алдында түсініктеме бермеді. Бірақ, ағып жатқан су қайдан келгенін анықтау үшін сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді әрі жарылған құбырдың кімге тиесілі екендігі де анықталуда. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша қазір апат туындаған жерде суды сорып алу жұмыстары жүргізілуде.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай