Спорт

Теріскейлік боксшы ел біріншілігінде қола медаль еншіледі

Теріскейлік боксшы Ақтөбе қаласында жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде қола медаль еншіледі. Жеңіс тұғырының үшінші сатысына “Олимп” балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Александр Панов көтерілді. Ол Қазақстан чемпионатында 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынаған. Жас шаршы алаң шеберімен арна тілшілері тілдесіп қайтты.

Александр Панов бокс десе, ішер асын жерге қояды. Жақында ол жасөспірімдер арасында Ақтөбеде өткен ел біріншілігіне қатысып, жүлделі 3-ші орынды еншілеп қайтты. Жерлесіміз 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Екі бірдей қарсыласын тізе бүктірген спортшы жартылай финалда сүрінді. Оның жолын қарағандылық қарсыласы кесті. Жас талант орталыққазақстандыққа ұпай сандары бойынша есе жіберген. Бір қызығы, Александр боксқа дейін спорттың басқа да түрлерінде бағын сынап көріпті.

Александр Панов – боксшы:

– Боксқа дейін хоккей, жүзу сынды спорт түрлерімен айналыстым. Белгілі бір жетістіктерге жетпегеннен кейін әкемнің ақыл-кеңесімен боксқа келдім. Қолыма былғары қолғап кигелі 3 жыл болды. Қазіргі таңда 10-шы сыныпта оқимын. Яғни, білім мен спортты қатар алып жүрмін. Мектепті бітіргеннен кейін бокспен кәсіби түрде айналысқым келеді.

Ақтөбеде жалғыз Александр Панов қана емес, тағы 11 солтүстікқазақстандық боксшы күш сынасқан. Жүлде Александрға ғана бұйырып отыр. Айта кеткен жөн, байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен “сен тұр, мен атайын” деген 250-ге тарта спортшы қатысқан. Солтүстікқазақстандықтарды чемпионатқа “Олимп” балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Герман Окунев баптаған. Бапкер шәкірттерімнің өнеріне көңілім толды дейді.

Герман Окунев – “Олимп” БЖСМ бокстан жаттықтырушысы:

– Балалар чемпионатқа дейін Қарағанды қаласында оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Ел біріншілігінде бақ сынаған балалардың барлығы бірдей орын алмаса да мол тәжірибе жинақтап қайтты деп есептеймін. Болашақта бұл тәжірибе оларға қажет болады. Жалпы, “Олимп” балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2017 жылы құрылған. Сол кезден бастап бапкерлік қызмет атқарамын. Мұндағы тәрбиеленушілер күнде жаттығу жасайды. Тек демалыс күндері ғана демалады.

Қазіргі таңда бұл залда 100-ге тарта боксшы қарым-қабілеттерін арттырып жатыр. Олар жас ерекшеліктеріне байланысты 4 топқа бөлініп жаттығады.

Алдияр Айтпаев