COVID-19: Қазақстан

Облыста 1025 адам вакциналанды

Облыс аумағында тәж вирусына қарсы екпе жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде 3-ші қалалық емхана негізінде 225 адам екпе қойғызған. Ал облыс бойынша covid-19-ға қарсы вакцина алғандардың саны мыңнан асады. Әріптесім Алтынай Қазиқан “Спутник V” препаратын салдырған медицина қызметкерлерінің бірімен кездесіп, сұхбаттасып қайтты.

3-ші қалалық емханаға 230 дозадан тұратын вакцина бөлінген. Мұнда облыстық перинаталдық және фтизиопульмонологиялық орталықтардың, облыстық көпбейінді аурухананың қызметкерлері екпе алады. Бүгінге дейін 225 адам «Спутник V» препаратын салдырып үлгеріпті. Оның 30-40 пайызының алғашқы күндері дене қызулары көтерілген және бойларында аздап тұмаудың симптомдары байқалған. Ал 20 пайызында екпе егілген жер қызарып, ісініпті. Бірақ, кейін бәрі өз қалпына келген.

Сәбира Дайырова – №3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары:

– Ең алдымен екпені әдістеме бойынша біз вакцинаны инфекциялық стационарда істейтін қызметкерлерге, мейірбекелер мен қабылдау бөлімшелерінің адамдарына береміз. Екпенің бірінші кезеңін ертең аяқтаймыз.
Барлық 225 адам жұмыстарында қалды. Ешкім босатылмады. Бүгінгі күнге дейін біз олардың барлығының жағдайын алғашқы күндері бақылауда ұстадық.

№3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Сәбира Дайырова – қауіпті індетпен күреске ат салысып жүрген мамандардың бірі. Ақ халатты күнде халықпен етене жұмыс жасайтындықтан, ойланбастан «Спутник V» екпесін салдырған. Алғашқы 2 күнде бойында еш өзгеріс байқалмапты. Бірақ, 3-ші тәулікте аздап әлсіздік сезінген.

Сәбира Дайырова – №3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары:

– Вакцина алғаннан кейін алғашқы 30 минут дәрігердің бақылауында боламыз. Жарты сағат өткеннен кейін бойымда еш өзгеріс байқалмады. Бүгінде менің жағдайым жақсы. Ешқандай өзгеріс жоқ. Әр адамның ағзасы әр түрлі. Сондықтан, бәрі вакцинаны түрліше қабылдап жатады. Жай ауырғанда да иммунитеті мықты адам тез тәуір болады. Ал иммунитеті әлсіздер ұзақтау ауырады.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда 3-ші қалалық емханасында 400-ден астам қызметкер еңбек етуде. Оның 20-дан астамы тәж вирусына қарсы «Спутник V» екпесін салдырған. Өңірде covid-19-ға қарсы вакцина алғандардың саны мыңнан асады.

Эльмира Сәдуақасова