Денсаулық сақтау

Елімізде иммундау шарасы жалғасуда

Өңірімізде иммундау шарасы жалғасуда. Бүгінге дейін 945 солтүстікқазақстандық ақ халатты  коронавирусқа қарсы екпе алған. Ешбірінде вакцинаға қарсы теріс әсер байқалған жоқ. Тек аздап әлсіздік пен дене температурасының көтерілуі тіркелген. Ал сәуір айынан бастап отандық препаратты қолданысқа енгізу көзделіп отыр.

Еліміздегі коронавирустан иммундау шарасының бірінші аптасы артта қалды. Қазақстандық ақ халаттылар ресейлік “Спутник V” немесе басқаша атауы “Гам-ковид-вактың” алғашқы компонентін алды. Бүгінде мамандардың жағдайы – жақсы, екпеге ағзаның теріс әсері байқалмапты.

Тимур Мұратов – Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Еске салайық, тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық көрсетілімдері бар адамдарға екпе салынбайды.

Ковид-19-ға қарсы вакцинаны алу-алмау – әр адамның өз еркі. Бірақ, тәжді вирустың құрсауынан құтылып, қалыпты өмірге оралудың жалғыз амалы – иммундау шарасынан өту. Уақыт пен тәжірибе көрсеткендей, коронавирус сынды жұқпалы инфекцияларды осындай препараттың көмегімен ғана жеңуге болады.

Манар Смағұл – Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары:

– 2009 жылдан бастап дифтерия жұқпасы тіркелмейді. Қызылша, қызамыққа шалдыққан науқастардың саны да бірнеше есеге төмендеді.

Коронавирусқа қарсы вакцина да ұжымдық иммунитет қалыптастырып, көзге көрінбес тәжді індетті біржолата жеңуге септеспек. Айта кету қажет, сәуір айынан бастап қазақстандық екпені қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Препараттың клиникалық зерттеулері өткен жылдың қыркүйегінде бастау алған болатын. Сынақтың алғашқы фазасына 44 адам қатысып, оның қаншалықты қауіпсіз екені тексерілді. 180 күннің ішінде вакцинаның адам ағзасына еш зияны жоқ екені расталды. Келесі сатысына тағы 200 адам қатысып, 180 күн бойы ағзада қалыптасатын антиденелердің деңгейі бақыланды. Қазір үшінші фазасы жүріп жатыр. Желтоқсанның 25-сі бастау алған кезеңге 3 мың ерікті қатысуда.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова