Билік

Уәлиханов ауданының әкімі халық алдында есеп берді

12 айда қандай шаруа тындырылды? Бүгін Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев халық алдында онлайн-форматта есеп берді. Атқарылған жұмыс – ауыз толтырып айтарлықтай, бірақ 2021-ге арналған жоспар – одан да ауқымды. Биыл 6 ауылда салынатын су таратқыш мұнараның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 5 елді мекенге ұялы байланыс пен интернет тартылады. Тағы жағдайы нашар деп танылып отырған жол учаскелері жөнделмек.

Уәлиханов ауданында 2020 жылы біраз шаруа атқарылған. Ауылдағы ағайынның өтініштері қарастырылып, ең өзекті деген бағыттарға ақша құйылыпты. Нәтижесінде 51 шақырым жол жөнделіп, 10 ауылға су тазалау жүйесі орнатылып, елді мекендердің 70 пайызында жарықтандыру мәселесі шешілді. Ауданның жанды жері саналатын ұялы байланыс пен интернет те жақсаруда. Былтыр проблема барлығы 4 мың тұрғыны бар 5 селода біржақты етілді. Бұл жұмыс биыл да жаңа қарқынмен жалғасын таппақ.

Қайрат Пішенбаев – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Бүгінде Кішкенекөлдің орталық көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын. Қазір шеткі көшелерін қалыпқа келтіру бойынша құжаттама әзірлеудеміз. Шаруаны атқаруға міндетті түрде қаражат табылады.

Аудан орталығындағы жолдарды жөндеу үшін биыл 2020-мен салыстырғанда 5 есеге көп қаражат бөлінбек. Бақандай 563 млн теңге. Дәл осындай қолдауды өзге ауылдың тұрғындары да күтіп отыр. Әсіресе, елді мекендерді бір-бірімен байланыстыратын жолдар қалыпқа келтірілсе екен дейді халық. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Алдағы уақытта бөлінетін қаржы көлемі бекітіледі. Анығы бір – қаражат көлемі өткен жылғыдан кем болмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең бірінші мәселе – Дәуіттен Кішкенекөлге дейін 50 км жөндеу. Ол – Қазавтожолдың қарамағындағы жол. Компанияға тапсырма берілді. Жұмысты биыл бастаулары керек.

Кішкенекөл-Телжан-Мортық-Амангелді-Қаратерек; Өндіріс-Мырзағұл; Көктерек- Қайрат. Бұл жол учаскелерінің де жағдайы көңіл көншітпейді, жөндеу қажет. Шаруаны бір мезетте атқаруға бюджет мүмкіндік бермей отыр, бірақ, кезек-кезегімен қалыпқа келтіріледі дейді Құмар Ақсақалов. Айта-айта жауыр болған су мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Бүгінде аудандағы 27 елді мекеннің 25-сінде орталықтандырылған су жүйесі бар. Алайда, мақсат – селолардағы жағдайды қаламен теңестіру. Яғни, тіршілік көзі әр үйде болуы тиіс. Сондықтан, 2021 жылы 6 ауылда су таратқыш мұнара салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаратал мен Қулыкөл ауылдарына су құбырларын тартуға былтыр 524 млн теңге бөлінді. Биыл осы екі ауыл ішіндегі су құбырлары санация әдісімен тартылады. Оған тағы да қаржы бөлінеді.

Жол-сумен қатар жүретін проблема – ұялы байланыс. Үстіміздегі жылы тағы 5 ауылдағы ағайын телефонмен сөйлесіп, интернетке емін-еркін шығу мүмкіндігін иеленбек. Онлайн-жиында білім саласындағы күрделі мәселелер де сөз болды. Соның бірі Кішкенекөлдегі балабақшаға қатысты. Аудан орталығында мектепке дейінгі білім беру мекемесі біреу ғана, оның өзі жекеменшік екен. Проблеманы шешу – Қайрат Пішенбаевтың жоспарына енгізілді. 2021-де атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстар ауыл шаруашылығында да жетерлік. Себебі, жоғары потенциалы бар аграрлы сектор әлі тиісті деңгейде дамымай келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бордақылау алаңдары салынады. Сүтті мал шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлінеді. Мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға қолдау көрсетілуде. Өткен жылдан бері СПК «Солтүстік» арқылы арнайы кредиттер беріп жатырмыз.

Уәлиханов ауданының жері де құнарлы. Алайда, тәжірибе көрсеткендей аграрийлердің кейбірі жөнді жұмыс істей алмайды. Мұны ауылдағы ағайын да аңғарып отыр. Әкімнің есептік жиынында тұрғындардың бірі тиісті мақсатта пайдаланылмай жатқан алқаптарды тартып алу мәселесін көтерді. Шаруа алдағы уақытта жаңа қарқынмен жүргізілмек деді өңір басшысы. Құмар Ақсақаловтың сөзінше жерді пайдалану туралы заңға өзгертулер енгізіледі, яғни талаптар күшейеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жермен 1 жыл жұмыс істемеген кәсіпкерлерден жер сот арқылы тартып алынбақ. Қазір заңға енгізілетін бұл өзгерістерді депутаттар мен ел Президенті қолдап отыр. Бұл – өте жақсы механизм.

Аудан әкімі онлайн-форматтағы жиында тағы мәдениет пен спортқа қатысты бірнеше сұраққа жауап берді. Жалпы, тұрғындар атқамінерге арналған сұрақтарды инстаграм мен фейсбук желілері және әкімдікте алдын ала орнатылған жәшіктер арқылы жолдады.

Эльмира Сәдуақасова