Құқық қорғау органдары

Жарты миллион теңгенің алқасын ұрлаған жігіт ұсталды

Петропавлда бақандай жарты миллион теңгенің алтын алқасын ұрлаған 20 жастағы жігіт ұсталды. Жымқыру фактісі қаладағы ломбардтардың бірінде тіркелді. Бұрын сотты болған қала тұрғыны енді 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пысықай жігіт алтын өткізетін жерге сатып алушы ретінде келген. Көздің жауын алатын заттарды қарап жүріп, ең қымбатына таңдау жасапты. Ойында ештеңе жоқ сатушы оған тағып көруі үшін бағасы – 555 мың теңге, ал салмағы 26 грамды құрайтын қымбат дүниені ұсынады. Мойнына таққаннан кейін манағы жігіт тайып тұрады.

Полиция қызметкерлері ұрыны келесі күні құрықтады. Ол алтынды басқа ломбардқа өткізіп үлгерген. Бұрын да ұрлық жасағаны үшін сотты болған петропавлдық қылмыс жасаған кезде іздеуде жүрген.

Ернар Бейғайдаров – қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Петропавл қаласы полиция басқармасына ломбард өкілдерінен алтын алқаның қолды болғаны жайлы арыз түсті. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 191-бабы 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Күдікті ісін мойындап отыр. Алтын алқа тәркіленіп, күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Айта кетейік, 20 жастағы жігіт 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан өңірде 6 ұрлық фактісі тіркелген.

 

 

Бисенова Жанна