Су тасқыны

СҚО-да жер қабаты 1 жарым метрге қатқан

СҚО-да жер қабаты 1 жарым метрге қатқан. Бұл өткен жылға қарағанда 2 жарым есеге көп. Тоңның соншалықты қалыңдауына қатты аяз себеп болып отыр. Бүгін гидролог мамандар Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығын да тексерді.

Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығын тексеру үшін гидролог мамандар арнайы құрылғының көмегімен 3 жерден тесік жасайды. Кейін сол ойыққа арнайы сызғыш түсіріледі. Әрқайсысының тереңдігін өлшеп болған соң орташа қалыңдық есептеледі. Мамандардың сөзінше мұндай шаруа шамамен 40 минутқа созылады екен.

Радмир Якупов – “Қазгидромет” РМК СҚОФ инженер-гидрологы:


– Қазір біз Борки кентіндеміз. Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығын тексердік. Жалпы, облыс аумағында 19 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Күн сайын таңертең және кешке су деңгейі, су температурасы, сондай-ақ, мұздың қалыңдығы мен өзен бетіндегі қардың биіктігі өлшенеді.

Ал 13 гидрологиялық бекетте бір айда үш рет өзенге қатысты су шығыны өлшенеді екен. Ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, жауған қардың көлемі де бақыланады.
Сонымен, мұздың орташа қалыңдығы қанша?

Мұз қалың. Ендеше өзеннен көп дегенде 4 тонналық көлікпен жүріп өтуге болады екен.

Дәурен Қошығұлов – “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім жетекшісі:

– Биылғы қыс аязды. Жердің қыртысы едәуір қатты. Мәселен, тоңның ең қалың жері Ғ.Мүсірепов ауданы Рузаевка селосындағы метеостанцияда тіркелді. Мұнда 141 см болса, жұқалау деген жері Петропавл тұсында тіркеліп отыр. Мұндағы көрсеткіш – 54 см.

Мамандардың айтуынша тоң қалың болса, су тасқынын туғызуы мүмкін екен. Өйткені, күн күрт жылығында еріген қар суы жерге сіңіп үлгермей, үстінде сырғып, жинала береді. Бірақ, бұл, әзірге, гидролог мамандардың болжамы ғана. Ауа райының қалай жылитынын уақыт көрсетеді.

Ешкенова Дана