Құқық қорғау органдары

Өрттен көз жұмған жігіттің оқиғасына қатысты іс тоқтатылды

Күзде  Бескөл ауылында жанып кеткен жігіттің оқиғасына қатысты сотта қаралып жатқан іс тоқтатылды.

Сұмдық жағдай өткен жылдың 19-шы қарашасында орын алды. Марқұм болған жігіт достарымен бірге үй жалдап, туған күн кешін тойлаған. Келесі күні таңертең / сағат 11-лер шамасында отын қорадан денесін от шарпыған күйі жүгіріп шығады. Өкінішке қарай, ауруханаға жеткізілгенімен, мамандар өміріне араша түсе алмады. Алғашында ол шылым шегуге шықты деген байлам жасалған болатын. Бірақ, куәгерлердің сөзінше пеш жақпақшы болған көрінеді. Сондай-ақ, алдын ала болжам бойынша марқұм өз-өзіне қол жұмсады делінген. Алайда, тиісті мамандар істі жан-жақты қарастырып, қайғылы жайттың жазатайым орын алғанын анықтап отыр.

Дәулет Досанов – адвокат:

– Марқұм өмір бойы қалада тұрған. Сол себепті, жер үйде пеш жағуды білмеген болуы мүмкін. От жағып жылынбақшы болғанда пештің жанында шағын газ баллоны, жөндеу жұмыстарынан қалған бояулар мен еріткіш тұрыпты. Болжам бойынша жігіт химиялық заттарды қолдану барысында абайсыздық танытқан. Сол себепті, бұл іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 292-ші бабы бойынша тоқтатылды.

Казиканова Алтынай