Құқық қорғау органдары

Бір күнде жолда жүру ережесін бұзуға қатысты 500-ге жуық факті тіркелген

Облыс аумағында бір күнде жолда жүру ережесін бұзуға қатысты 500-ге жуық факті тіркелген. Оның 130-ы Петропавл қаласында болған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша көбісі  рөлде отырып телефонмен сөйлеседі немесе қауіпсіздік белдігін тақпайды. Көлікті масаң күйде жүргізетіндер де аз емес. Мұның барлығы «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталып отыр.

Полицейлер Chevrolet Niva көлігін тоқтатады. Рөлде – 37 жастағы ер азамат. Жамбыл ауданының, нақтырақ айтқанда Казанка селосының тұрғыны. Тәртіп сақшыларының күдігі расталды. Аузы-мұрнынан арақтың иісі сезіліп тұрған ер адамды тексере келе шынында да алкогольдік ішімдік ішіп алғандығы анықталды.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Аталған азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-ші бабы 1-ші бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші Жамбыл аудандық сотының қаулысымен 15 тәулікке қамауға алынды. Және 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.

Облыс көлемінде өткен жедел-профилактикалық іс-шара барысында бір күнде 5 мас жүргізуші ұсталған. Рөлге көлік құралын жүргізу құқығынсыз отырған 24 адам тіркелді. 30-ға жуығы жылдамдықты арттырған. Ал қауіпсіздік белдігін тақпағандар – 70, көлік басқарған күйі телефонмен сөйлескендер 50-ден асады. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Казиканова Алтынай