Мәдениет

“Жамбыл ақын” атты дөңгелек үстел жиыны өтті

Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің! Бұл – кезінде қаншама жанға үміт отын сыйлап, жігер берген өлең шумақтарының үзіндісі. Биыл – туындының авторы, жыр алыбы, ақын Жамбыл Жабаевтың дүниеге келгеніне 175 жыл. Осыған орай “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде дөңгелек үстел жиыны өтті.

Осыдан 80 жыл бұрын неміс басқыншылары Ленинградты қоршауға алып, бомбаның астында қалдырған болатын. Дәл сол кезде Жамбыл Жабаевтың “Лениградтық өренім” өлеңі дүниеге келеді. Қиын шақта ақын өзінің жыр жолдарымен батыр қала тұрғындарының рухын көтеріп, жігер берген.
Жалпы, Жамбыл Жабаев ақындық қырымен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен, мықты рухымен танылған, ұлтжанды азамат болған.

Жақсыбай Самрат – “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі:

– Жамбыл Жабаевтың асылдығы мынада:
Өзінің қазақылығын мықты ұстанды. Кремльге барғанда қазақша сөйледі. 38-ші жылы Кремльге барғанда қонақүйде намаз оқыды деп айтады. Ол намазынан қол үзбеген.

Жамбыл Жабаев артынан өлместей мұра қалдыра білді. Ол – айтыс ақыны, жауынгер жыршы. Бүгінгі өткізіліп жатқан жиын да 20-шы ғасырдың Гомері атанған тұлғаның әскери шығармашылығына арналып отыр.

Әсемгүл Қыдбекова – «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

– Бұл дөңгелек үстелдің мақсаты – болашақ ұрпақты дарынды ақынның өмірбаяны мен шығармашылығымен таныстыру. Жалпы, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы бірнеше бағыттан тұрады. Сол бағыттардың ішінде біз әскери бағытын қарастыруды жөн көрдік.

Данышпан ақын Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де танымал десек артық болмас. Бұған – Санкт-Петербордағы тұйық көшелердің біріне Жамбыл атамыздың есімінің берілуі дәлел.

 

 

Казиканова Алтынай