COVID-19: Қазақстан

СҚО-да коронавируспен 400-ден астам жүкті әйел ауырған

СҚО-да коронавируспен 400-ден астам жүкті әйел ауырған. Оның 90-ға жуығы пневмонияға шалдыққан. Олардың барлығы дерттен құлан-таза айығып шықты. Алайда, дәрігерлердің айтуынша қазіргі уақытта COVID-19-дан тағы 29 келіншек емделіп жатыр.

Өткен жылы короновирус тап берген кезде жергілікті ауруханалар мен емханалар жұмыс жүйесіне өзгертулер енгізгені баршамызға мәлім. Тіпті, емдеу мекемелерінде індетке шалдыққан науқастарға арналып жаңадан бөлімшелер ашылды. Болашақ аналар мен сәбилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай бастама облыстық перинаталдық орталықта да қолға алынған болатын. Нысанның ішінде 25 адамға шақталған бөлек орын әзірленді. Қазір бұл жерлерде 12 әйел жатыр.

Елена Калюжная – облыстық перинаталдық орталығының директоры:

– Індет пайда болғалы бері перинаталдық орталықта 353 жүкті әйел емделіп шықты. 86 келіншек пневмониямен ауырды. Нәзікжандылардың барлығы дерттен толық айығып шықты. Қазір облыс бойынша 29 болашақ ана инфекцияға қарсы ем алуда. Оның 12-сі – осында, қалғаны аурудың симптомсыз түріне шалдыққандықтан үйлерінде емделуде.

Болашақ аналар – мамандардың жіті бақылауында. Жағдайлары жиі-жиі тексеріліп тұрады. Осы кезде заңды сұрақ туындайды. Жүктілік кезінде ауру іштегі балаға жұғуы мүмкін бе?

Елена Калюжная – облыстық перинаталдық орталығының директоры:

–  Жүктілік кезінде коронавирус іштегі балаға жұқпайды. Босану кезінде де жұғу жағдайы сирек тіркеледі. Себебі, біз бұған алдын ала дайындаламыз. Егер анасының жағдайы өте нашар болса, инфекциядан айыққанша дейін сәбиі мамандардың қарауында болады.

Десе де, болашақ аналар мынадай бір жайтқа аса назар аударғандары жөн. Іштегі сәби 3 айға толғанша дейін келіншектер өз-өздерін аса мұқият күтулері керек. 14-ші аптаға дейін нәресте өте әлсіз болады. Одан кейін ғана баланың бойында түрлі аурулардан қорғайтын иммунитет қалыптасады. Тағы бір еске кететін жайт, босануға туған-туыстардың қатысуына тыйым салынған.

 

 

Маржан Касымбек