МТРА жаңалықтары

Отбасы банк зейнетақы жинағын пайдалануға арналған платформаны іске қосты

Отбасы банк зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн платформаны іске қосты. Бүгінде тұрғындар enpf-otbasy.kz порталына кіріп, өтініш жолдай алады. Осы өтініш арқылы қордағы белгілі бір сомаға қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Бүгінде 700 мыңнан астам қазақстандық БЖЗҚ-да жиналып тұрған қаражатының бір бөлігін үй сатып алуға немесе тұратын жерін кеңейтуге, емделуге және инвестициялауға жұмсай алады. Осыған байланысты қаңтардың 23-і күні Отбасы банк зейнетақы жинағын пайдалануға ниетті отандастарымыздың өтініштерін қабылдау үшін арнайы enpf-otbasy.kz онлайн платформасын іске қосты. Оған небәрі 5 күннің ішінде 50 мыңнан астам өтініш түскен. Халықтың барлығы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жүгініпті. Бүгінге дейін 22 мың адамның өтінімі мақұлданған. Бұл – Қазақстан бойынша дерек, жекелей облыс бойынша бөліп-жарып айту мүмкін емес, өткені барлығы бір базада дейді амамндар.

Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– БЖЗҚ-ғы қаражатты алу үшін біріншіден электронды қолтаңба алу қажет. Ол үшін ЖССБ24 мобильдік қосымшасын жүктеп, арнайы шот ашу керек. Шотты ашқаннан кейін арнайы порталға кіріп, өзіңіздің қалаған мақсатыңызды таңдап, өтінім бересіз. 5 күннің ішінде өтінім қаралып, жауап келеді. Әрі қарай Отбасы банк пен клиент арасындағы жұмыстар жүргізіледі.

Бастысы, арнай шот ашпай тұрып, қолжетімді соманы қандай мақсатта пайдаланатынызды анықтап алу қажет. Мәселен, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін заңнамаға сәйкес мынадай мақсаттарға жаратуға рұқсат етіледі:

– Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу;

– Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу;

– Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу;

– Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу;

– Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу;

– Жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда);

– Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру;

Назерке Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:


– Үй саламын десеңіз, онда жер өзіңіздің атыңызда болу керек. Алдыңғы жарна ретінде де пайдалануға болады. Бірақ, егер де ол қаражатты алдыңғы жарна ретінде пайдаланған болсаңыз, 5 жыл бойы үйді сатуға мүмкіндік болмайды. Ал егер ипотеканы толық жапсаңыз немесе бір бөлігін жапқан жағдайда үйді толық алсаңыз ешқандай шектеу қойылмайды.

Мақұлданған өтінім негізінде есепшотқа түскен қаржыны өтінімберуші 45 күннің ішінде жаратуы керек. Егер оны пайдаланып үлгермесе ақша зейнетақы қорына қайтарылып алынады. Бірақ, кейін өтінімді қайта ұсынуға болады екен.

Ешкенова Дана