Мәдениет

Облыстық орыс драма театры туралы кітаптың тұсауы кесілді

1 ғасырдан астам тарихЫ бар. Бүгін Петропавлда  Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры туралы жазылған кітаптың тұсауы кесілді. Авторы – өнер ордасының музей меңгерушісі Людмила Лошакова.

Қазіргі Н.Погодин атындағы мәдениет ошағы шағын ұжым ретінде 1886 жылы құрылған. Ал 1962 жылы өнер ордасына Н.Погодиннің есімі берілді. Осы күнге дейін шығармашылық ұжым өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Жуырда мәдениет ошағының тарихы жазылған кітап жарыққа шықты. Авторы – Людмила Лошакова. Айтуынша, жинаққа енген мәліметтердің барлығы өңір мұрағаттары мен театр музейінен алынған.

Людмила Лошакова – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының музей меңгерушісі:

– Театрдың тарихы тереңде жатыр. Осы жылы қара шаңыраққа 135 жыл толмақ. Бұл кітапқа 2018 жылға дейінгі маңызды оқиғалар енді. Бастапқы кезде труппаның дайындық жүргізетін ғимараты болмапты. 72-ші жылы өздерінің жеке шаңырағы пайда болған. Қазіргі таңда өнер ұжымы өзіндік орны бар театрға айналды.

Туынды 9 тарихи бөлімнен тұрады. Әр тараудың өзіндік ерекшеліктері бар. Барлығы 400-ге жуық сурет енгізіліп, сахналанған қойылымдар туралы жазылған. Мәселен, алғашқы спектакль 1887 жылы сахналаныпты. Қойылым “Счастливый день” деп аталады. Ал 63-ші облыстық орыс театрының сахнасында “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” спектаклі қойылады.

Людмила Лошакова – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының музей меңгерушісі:

– Бұл театрды өзім 45 жылдан бері танимын. Осы уақыт ішінде қойылған әр спектакльді, актерларды, олардың сомдаған рөлдерін жақсы білемін. Құрылған кезден бастап мұнда 3 мыңнан астам өнерлі жан еңбек етті. Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам концерт қойылған. 700-ден астам премьералық спектакль ұсынылған.

Театр тарихы туралы сиясы кеппеген кітап 50 данамен басылып шығарылған. Қаладағы кітапханаларға таратылмақ. Алдағы уақытта санын арттырып, әр аудандық, ауылдық мектепке жеткізу жоспарланып отыр.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев