МТРА жаңалықтары

2020 жылы өңір кәсіпорындарында 46 оқыс оқиға орын алған

Өткен жылы өңірдегі кәсіпорындарда 46 оқыс оқиға орын алған. Соның бірі құрылысы жүріп жатқан қазақ театрының ғимаратында болды. 44 жастағы азамат желтоқсан айында биіктіктен құлап, қаза тапты.
Еңбек инспекциясы мамандарының айтуынша аталған фактіге қатысты іс ішкі істер органдарына жолданған.

Былтыр өңіріміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарға 230-ға жуық тексеріс жүргізіліпті. Еңбек инспекциясының мамандары еңбек заңнамасын бұзудың 613 фактісін тіркедік дейді. Сондай-ақ, 53 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9,2 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалақы мәселесі бойынша 20 жұмыс берушіге нұсқама жаздық. Олардың барлығы 3,6 млн теңге көлемінде айыппұл төледі. Атқарылған шаруа барысында 1800-ден астам адамның құқығы қорғалды. Жұмысшыларына қарыз болған кәсіпорын басшылары 213 млн теңгенің жалақысын қайтарды. Қазіргі күні әуежай, «Рысь» күзет бөлімшесі мен «Қайранкөл Астық» серіктестігі өз қызметкерлеріне 13,5 млн теңге қарыз.

Былтыр аймақтағы кәсіпорындарда 46 оқыс оқиға орын алып, салдарынан 49 адам зардап шеккен. Олардың арасында 6 адам қаза тапты. Сондай жайттың бірі желтоқсанның 9-ы күні орын алды. Құрылысы жүріп жатқан қазақ театрының үстінен 44 жастағы монтаждаушы кісі құлап кетіп, қайтыс болды.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– 7 адамнан құрылған бригада 14,5 метр биіктікте монтаждау бойынша жұмыс жүргізіп жатқан. Сол кезде учаске басшысы шаруаны тоқтату керектігін айтып, қызметкерлер жерге түседі. Себебі, бұған дейін техникалық қадағалау органының өкілдері құрылыс барысын тексеріп, бірнеше олқылық тапқан екен. Кейін жұмысшылар ешқандай тапсырмасыз қайтадан жоғарыға көтеріледі. Олар темір пластиналарын келесі күнге дайындап қоймақшы болған.

Арнайы тексеру жұмыстарынан кейін марқұм болған азаматтың қауіпсіздік ережесін сақтамағаны белгілі болды. Ол төбеге шыққанда сақтық белдігіндегі арқанды еш жерге ілмепті. Аталған жайтқа қатысты мердігерлердің де кінәсі бар дейді мамандар. Себебі, құрылыс нысанындағы серіктестіктер өзара ұйымдастыру-техникалық шаралар жоспарын құрмаған. Сонымен қатар, жұмыс беруші тарапынан ғимараттың қауіпті аумақтарына белгі орнатылмапты. Қазіргі күні аталған фактіге қатысты айыпты лауазымды тұлғалар анықталды. Іс ішкі істер органдарына жолданды.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан