Спорт

Өскемендіктерге қарсы өткен қос матч құлагерліктердің пайдасына шешілді

Өскемендіктерге қарсы өткен қос матч құлагерліктердің пайдасына шешілді! Жергілікті “Qulager” хоккей клубы қаңтардың 22-ші және 23-ші күндері “Алтай Торпедо” командасымен күш сынасты.

2 ойында да солтүстікқазақстандықтардың асығы алшысынан түсті. Бірінші кездесуде теріскейліктер қарсыластарын 5 те 3 есебімен ұтты.
Ал қарымта бәсекеде тіпті ойсырата жеңді. Бұл матчта жерлестеріміз шығысқазақстандықтардың қақпасына жауапсыз 4 бірдей шайба салды. Көзге түскендер – Илья Ахметов, Альберт Вишняков, Федор Хорошев пен Станислав Логинов. Қос жеңістен кейін қоржынымыз 6 ұпаймен толықты. Бүгінде “Qulager” турнирлік кестеде 7-ші орында тұр.

Александр Троицкий – “Qulager” ХК бас бапкері:

– Бұған дейінгі қарсыластарымыз мықты болды. Сол ойындарда жігіттер мол тәжірибе жинады әрі айдында бірін-бірі жақсы түсінісе бастады. Нәтижесін соңғы қос матчтан байқауға болады. Қазір “Qulager” жылдам және әдемі шабуылдайды. Шайбаны да үсті-үстіне соғады. Қарсыластарымызға келетін болсақ, “Алтай Торпедо” – жас команда. Соған қарамастан ойынның соңғына дейін лайықты қарсылық көрсетті. Бізді қолдаған жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.

 

Алдияр Айтпаев