Мәдениет

Евгений Кузьминге “Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі” атағы берілді

Өнерлі солтүстікқазақстандық марапатқа ие болды! «Sensitive» ансамблінің бишісі Евгений Кузьминге “Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі” атағы берілді. Мұндай деңгейдегі марапат өңірде құлағы мүкіс жанға алғаш рет беріліп отыр.

Талантты, көңілді және ең бастысы – өнерге ғашық. Бұл қасиеттер қаламыздағы Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі Евгений Кузьминге тән. Дарынды жерлесіміздің сахнада жүргеніне 10 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде ол бірталай додада жұптасып та, жекелей де билеп, жүлделі орындарға қол жеткізген. Марапаттарының арасында өзге мемлекеттерде жеңіп алған кубок, медальдары да бар. Евгений әнді естімесе де жүрекпен ұғынады.

Евгений Кузьмин – Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі

– Мен 14 жасқа толғанда біздің мектепке Ольга Роставщикова келді. Дәл осы адам мені ғажайып би әлеміне алып келді. Бірден «Sensitive» тобына қосылдым. Кейін өмірім түбегейлі өзгерді, әлемді араладым, түрлі деңгейдені жарыстарға қатыстым. Музыканы жан-тәніммен сүйетін адамға айналдым. Қазір әуен мен үшін бәрінен артық.

Жуырда Евгений Кузьминнің сан жылдық еңбегі еленді. Ол «Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі» атағын алды. Бұрын-соңды біздің өңірде мұндай атақ ешбір жанға бұйырмаған. Дарын иесінің жоғары жетістікке жетуіне анасы Ирина Кузьмина мол септігін тигізіпті. Нәзікжанды жалғыз ұлының әр бастамасын қолдап, әрдайым жанынан табылады.

Ирина Кузьмина – Евгений Кузьминнің анасы:

– Евгений мектеп кезінде шахмат, дойбы, волейбол ойнады. Кейін біртіндеп музыкаға бет бұрды. Оның көркемдік би өнеріне деген ерекше қызығушылығын көріп, «Sensitive» тобына барғаны дұрыс деп шештім. Ұлымнан “Әуенді естімей, қалай билейсің?,- деп сұрағанымда ол ішкі дүниеммен сеземін деп жауап берді. Сол сәтте оның өз жолын тапқанын ұқтым.

Жерлесіміз «Sensitive» бал биі ансамблінде ұжым құрылғаннан бері өнер көрсетіп келеді. Оның бірер күн бұрын қол жеткізген атағына топтың көркемдік жетекшісі Ольга Роставщикова қуанышты.

Ольга Роставщикова – «Sensitive» бал биі ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Евгений Кузьмин – өте еңбекқор, жауапкершілігі мол, әр жұмысын ұқыпты орындайтын адам. Оның биге икемі барын «Sensitive» ансамбліне қабылдағаннан күннен бастап аңғардым. Нағыз талант иесінің өнері бағаланып, республикалық деңгейде атақ алып жатқанына қуаныштымын.

Музыканы естімесе де жүрекпен сезіп, көркемдік жетекшінің ым-ишарасын ұғып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген топтың құрылғаны биыл 15 жыл толады. Алдағы уақытта ансамбль мерейтойын атап өтуді жоспарлап отыр.

 

Казиканова Алтынай