МТРА жаңалықтары

6 жасар бала басқарған көліктің астында қалған

Демалуға барып, мүгедек болып қалды. Өткен жылдың жазында Новокаменка селосы маңындағы жағажайда  Петропавл қаласының тұрғыны Дарина Туғымбаева көліктің астында қалған. Айтуынша, бұған баласын көлік рөліне отырғызған ер адам кінәлі.

Бәрін жеңіп шығуға күш-қуат берсін! Қажыма! Балаларың үшін аяққа тұруға тырыс!

Бұл сұмдық қой! Кінәлі жандар заң бойынша қатаң жазалану қажет!

Мынаны оқуға да қорқынышты. Тез сауығып кетіңіз!

Бұл пікірлер жуырда әлеуметтік желілердің бірінде Дарина Туғымбаева өзінің жан айқайын білдірген посттың астына қалдырылған. Әділеттік іздеген нәзікжанды халыққа басынан өткен оқиғаны айтып, мұңын шаққан. 26 жастағы келіншек өткен жылдың шілде айында отбасымен бірге Есіл өзенінің жағасына демалуға барады. Жанында 2 кішкентай баласы, жолдасы мен сіңлісі болған. Ұлы мен қызы өзеннің шетінде әкесімен ойнап жатқан, бұлар суда шомылып жүрген.

Дарина Туғымбаева – жәбірленуші:

– Біз судан шығып, балаларымды қолыма алып, киімдеріміз жатқан жаққа бұрылдық. Жақын жерде бір топ ер адам демалып отырған. Олардың әңгімелерін анық естідім. Араларындағы бір ер адам басқаларына «Менің кішкентай ұлым осындай жасында көлік басқара алады» деп мақтанды. Сөйтіп, баласына “Машинаны қалай жүргізетініңді көрсетіп жібер” деп жұмсады. Мен бұл сөздерге аса мән бере қоймадым.

Себебі, Даринаның бар назары балаларында болған. Ол ұл-қызын киіндіріп жатқан кезде арт жағынан машинаның гүрілін естиді. Бұрылып қараған сәтте “Mercedes” маркалы көліктің оған қарай бет алғанын көріп үлгереді.

Дарина Туғымбаева – жәбірленуші:

– Басымды бұрып қана үлгердім, балаларыммен бірге қалай машинаның астында қалғанымызды түсінбей де қалдым. Әйтеуір, ұлым мен қызым аман. Тек арқалары мен аяқтары жырылған.

Жас ана өзі дөңгелектің астында қалған. Көлік Даринаның жамбасынан өтіп, 3-4 метр жерге сырғытып апарған. Салдарынан бірнеше жерден жамбас сүйектері сынып, аяғының терісі қатты зақымдалады. Нәзікжандыға елордада екі бірдей ауыр ота жасалады. Одан кейін ол екі ай көлемінде төсекке танылып, қозғалыссыз жатқан.

Дарина Туғымбаева – жәбірленуші:

– Бұл оқиғадан кейін маған 2-ші топтағы мүгедектік берілді. Қазір үйде оңалтудан өтіп жатырмын. Жүру арбасының көмегімен ғана қозғала аламын. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Ал кінәлілер болса, менен әлі күнге дейін кешірім де сұраған жоқ, келіп көмегін де берген жоқ. Бұл оқиғада әділдік қажет. Жауапсыз әке өзінің 6 жасар баласын рөлге отырғызғаны үшін қатаң жазалануы керек.

Жантүршігерлік оқиғадан кейін 7 ай өтті. Тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Кінәлі тарап, әзірге, тек бірнеше әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Анара Ахметжанова – СҚО ПД анықтау басқармасының анықтаушысы:

– Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 349-бабы бойынша сотқа дейнігі тергеу жұмыстарының бірыңғай тізіміне енгізілді. Қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілді. Автокөлік иесі бірнеше әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінде әділдік іздеген Дарина Туғымбаеваның өзі және жақындары сот шешімін асыға күтуде.

 

 

Ешкенова Дана